Шымкентте мұғалім құқы жаппай бұзылып келгені анықталды. Мектеп басшылары бос орындарды әдейі жасырып, сабақ сағаттарын қолдағы ұстаздарға артығымен үлестіріп, олардың мойнына шамадан тыс жүк артқан, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Otyrar-дың дерегінше қалалық білім беру ұйымдарын тексергенде 1165 бос жұмыс орны бар екені, мұғалімдердің жылдар бойы белгіленген шектен асыра жұмыс істегені белгілі болды.
Айта кетелік, бір апталық жүктеме нормасы 16 сағат, ең жоғары шегі 24 сағат. Алайда…
Шымкенттегі кейбір мұғалім аптасына 70-78 сағат сабақ беруге мәжбүр болған. Жекелеген мектептерде тіпті жасы 70-80-ге келген қарт ұстаздардың өзі 48 сағатқа дейін сабақ өткізген.
«83 мектептегі 1286 мұғалімнің жүктемесі заңсыз көбейтілген. Жалпы алғанда, тексеру кезінде кадрлар мен қаржыға қатысты 2 мыңға жуық заңсыздық анықталды», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Сонымен қатар…
Мұғалімдерге төленуі тиіс әлеуметтік үстемеақының өзі ретсіз бөлінгені белгілі болды. Әлеуметтік көмекке мұқтаж қызметкерлердің кейбіріне ақша мүлдем төленбесе, енді біріне аз көлемде беріліп, ал үшіншісіне еш негізсіз артық төленген.
Шенеуніктердің есептеуінше, осы былық-шылықтың кесірінен қала бюджеті 700 миллион теңгеден астам қаржыдан айырылып отыр.
Тексеру нәтижесінде жауапты органдарға тиісті материалдар жіберіліп, заңсыз жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтару туралы талап қойылды. Мектеп басқару ісінде де үлкен кемшіліктер табылған. Мысалы, бір мектепте директордың екі орынбасарының жұмысын бір ғана адам атқарып келген.
Әкімдік қалада математика, тарих, қазақ және орыс тілі, химия, информатика мен география пәндері бойынша мамандар жеткілікті екенін айтады. Бірақ мектеп басшылары бос орынды қасақана көрсетпей, мұғалімдерге артық жүк артуды әдетке айналдырған.
Айта кетелік, наурыз айынан бастап мемтапсырыс алған жекеменшік мектептер жаппай тексеріле бастайды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова саладағы хаосты реттеуге кірісіп кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

