Қосылған құн салығының (ҚҚС) 16 пайызға көтерілуі қарапайым халықтың қалтасына әсер етпейді деген Үкіметтің уәдесі дүкендегі түбіртектің негізінде жоққа шығып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист, бұғалтыр Гүлназ Телеуованың айтуынша, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің салық ауыртпалығы қарапайым халыққа емес, кәсіпкерлерге түседі деген сөзі шындыққа сай келмейді. Сарапшы бұған дәлел ретінде дүкеннен алған тауарлардың түбіртегін жариялапты.
Онда әрбір күнделікті тұтынатын қарапайым тауардың бағасына 16 пайыздық салық қосылғаны ашық жазылған.
Мәселен, 700 теңгелік қайшының құнында 96,55 теңге ҚҚС. Тұрмыста жиі қолданатын тот кетіргіш заттың бағасы 650 теңге болса, оның ішінде салық үлесі – 89,66 теңге. Құны 1500 теңгелік жабысқақ таспаның бағасына тағы 206,90 теңге салық қосылған. Ал ұзартқыш-фильтрдің бағасы 6000 теңге, соның ішіндегі ҚҚС үлесі 827,59 теңге.
Гүлназ Телеуова осы ретте салық ауыртпалығын кәсіпкер емес, сіз бен біз қарапайым тұтынушы мойнына ілінді деп есептейді.
Айтуынша, дүкен сөресіндегі бағаға өндіруші алдын ала 16 пайыздық ҚҚС-ты, 20 пайыз корпоративтік табыс салығын және сауда орнындағы 3 пайыздық арнайы салықты да қосып қояды.
Үстіне міндетті түрде 5–10 пайыз пайдасын қоспаса, сауда мүлде тиімсіз болмақ. Осындай есептен кейін түпкі тұтынушы төлейтін баға 30–35 пайызға дейін бір-ақ көтеріледі.
«Бизнестің миссиясы қайырымдылық жасау емес. Ол ешқашан салықты өз қалтасынан төлемейді. Соңғы шығынды міндетті түрде тұтынушының мойнына артады. Салықты түбінде билік айтқан қарапайым адам төлейді. Жұманғарин? Жаңа реформа кімге салмақ салатынын әуелден ашып айту керек еді», – дейді сарапшы.
Бұған дейін белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстар бюрократияға ұшырап, Тоқаев тапсырмасы орындалмай отырғанын айтқан. Министрлік заңгердің 5 бірдей нақты ұсынысын талқылау орнына, Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеп жіберген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

