Белгілі кәсіпкер әрі медиа менеджер Арманжан Байтасов Алматының әйгілі Көк базарына барып, азық-түлік бағасының күрт көтерілгенін байқап қайтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Базардағы баға ақырындап Еуропаның орташа бағасына жақындап келеді. Тек автотұрақ бағасы ғана бұрынғыдай 300 теңге болып өзгеріссіз қалған. Бұл Еуропамен салыстырғанда үш еседей арзан, – деді кәсіпкер өз әсерімен бөлісіп.
Еуропа елдеріне жиі баратын Арманжан Байтасов қазақстандықтардың күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы біршама қымбаттағанына назар аударды. Соңғы жылдары базар мен дүкендерде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері бағасы айтарлықтай өсті.
Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі әлемдік нарықтағы қымбатшылыққа, логистика шығындарының ұлғаюына және ішкі нарықтағы өндіріс тапшылығына байланысты.
Мәселен, қазіргі кезде Алматы базарларындағы жеміс-жидек пен көкөніс бағасы Орталық Еуропа елдеріндегі ірі сауда орындарындағы бағадан кем түспейді. Қарапайым отбасылардың азық-түлік себеті жыл сайын ауырлап барады. Мамандардың пікірінше, бұл үрдісті реттеу үшін отандық өндірісті арттырып, ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдауды күшейту қажет.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) 16 пайызға көтерілуі қарапайым халықтың қалтасына әсер етпейді деген Үкіметтің уәдесі дүкендегі түбіртектің негізінде жоққа шығып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

