Бүгін елордада «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында партия мүшелері, Парламент депутаттары мен қоғам белсенділері ҚР Конституциясының жаңа жобасын талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынды партия Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Серік Егізбаев ашты. Ол жаңа Конституцияны ел дамуының жаңа философиясы және «Әділетті Қазақстанның» құқықтық негізі деп атады.
«Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бір палаталы Парламент — Құрылтай партиялық жүйені жандандырып, ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғауға жол ашады. Біз үшін басты байлық — табиғи ресурс емес, білімді, адал әрі бәсекеге қабілетті азамат», — деді С. Егізбаев.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың тарихи маңызына тоқталды. Оның пікірінше, бір палаталы модель бюрократиялық кедергілерді жояды, биліктің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Партия ардагері Мынаутаубиік Әнесов Ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен «Дін мемлекеттен бөлек» қағидатының нақтылануын жоғары бағалады.
Түркістан облыстық филиалының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов пропорционалды сайлау жүйесі партиялық жауапкершілікті арттыратынын айтты. Ол вице-президент лауазымы мемлекеттік басқарудың сабақтастығын қамтамасыз ететінін жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Ольга Клишина Халық кеңесінің заң шығару бастамасын иеленуін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл институт билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыс құралы болады.
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа реформаның халықтық сипатына тоқталды. Ол Конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасын демократияның маңызды көрінісі деп атады.
Қостанай облыстық филиалының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Динара Ахметова әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның сақталуы маңызды екенін айтты. Ол бұл квотаны ауыл көшбасшылары үшін нақты «әлеуметтік лифт» деп бағалады.
Жиын соңында «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы мен партияластарға Үндеу қабылдады. Үндеуде Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оны түсіндіру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Сондай-ақ арандатушылық жарияланымдарға ермеуге үндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

