Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның екі ірі қаласында инватакси қызметінің жаңа технологиялық мүмкіндіктерін іске қосты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін қолданыста болған ережелер бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар инватакси қызметін пайдалану үшін бір күн бұрын алдын ала тапсырыс беруге тиіс еді. Бұл жағдай тұрғындарды сапарларын күні бұрын жоспарлауға мәжбүр ететін. Оның үстіне, көлік санының аздығынан инватаксиге тапсырыс берушілер қызметті ұзақ күтуге мәжбүр болатын.
Министрлік осы мәселені шешу мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, такси агрегаторларын тарту арқылы пилоттық жоба бастады.
Жобаның басты шарты сапар құнынан агрегатор платформаларына ешқандай комиссия төленбеуі керек. Бұл талапты орындауға «Яндекс» компаниясы келісім беріп, қызметті тегін ұсынды.
Енді жоба аясында азаматтар инватаксиге тапсырысты «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұл тәсіл көлікті тез таңдауға, тапсырыс статусын онлайн бақылауға және сапарлардың мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қосымшада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлім пайда болды. Мұнда пайдаланушылар жүргізушіге сапар барысындағы ерекше талаптары туралы алдын ала хабар бере алады. Жүргізушілер болса, жолаушының көлікке отыруына және түсуіне көмек көрсетудің арнайы нұсқауларымен танысады.
Жоба биыл Астана және Алматы қалаларында мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған фокус-топтың қатысуымен іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл тәжірибені республиканың өзге өңірлеріне де енгізу жоспарланған.
Айтпақшы, сирек металға бай «Көкбұлақтың» қойнауын Назарбаевтың құдалары АҚШ-пен бірлесіп игеруге күш салып жатқанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

