Жер мәселесі тағы да күн тәртібінде. Бұл жолғы даудың төбесінде әлемжеліде әдейі таратылған жалған ақпарат тұр. Жұрт арасында «жаңа Конституцияда жер шетелдіктерге сатылады» деген қауіпті фейк тарауда.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, жалған ақпаратты ашық түрде жоққа шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат әлемжеліде тарап жатқан өсек-аяң саналы түрде ұйымдастырылған арандату екенін айтады. Оның сөзінше, Конституцияның жаңа жобасында жерді сату немесе оған қатысты тыйымды алып тастау туралы бірде-бір норма жоқ.
Тіпті қазіргі қолданыстағы Конституцияның 6-бабы еш өзгеріссіз жаңа Конституция жобасындағы 8-бапқа көшірілген.
«Жер және оның қойнауы, су ресурстары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байлық қазақтың меншігі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде ғана жеке меншікте болуы мүмкін», – деді депутат Ата заң жобасындағы нақты норманы оқып беріп.
Әлгіндей әңгімені кім таратып жүр?
Оның пікірінше, «жер сатылады» деген әңгімені таратып жүргендер не құқықтық сауаты төмен адамдар, не халықты әдейі үрейлендіріп, арандатып отырған топтар.
«Аргументі таусылғандар өсекке көшеді. Қазір біз дәл соны көріп отырмыз. Конституцияда жоқ нәрсемен жұртты қорқытып-үркітуде. Бұл кімге тиімді? Бұл сұраққа қоғам жауап алуы тиіс», – деп атап өтті депутат.
Базарбек Конституциядағы нормалардан бөлек, жер мәселесі Жер кодексімен реттелетінін нақтылап айтты. Жер кодексінің 24-бабында ауылшаруашылық жерін шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынған. Ал жаңа Конституция жобасы бұл тыйымды әлсіретпейді, өзгертпейді, қайтадан қарастырмайды.
Тоқаевтың бақылауындағы бап
Депутат ауылшаруашылық жерін заңсыз беруге байланысты кез келген әрекеттің президенттің қатаң бақылауында екенін жеткізді. Оның айтуынша, Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жер мәселесінде қатаң тәртіп орнатылып жатыр.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы осы міндетті орындау үшін құрылған. Депутаттың өзі осы комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
«Соңғы төрт жылдың өзінде мемлекетке 14 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бұл бос сөз емес, нақты сан, нақты нәтиже. Біз жер мәселесін әрқашан бақылауда ұстаймыз. Егер жерді заңсыз иемдену фактілеріне тап болсаңыздар, дереу бізге хабарласыңыздар. Қазақстанда жер мәселесі енді жабық есік артында шешілмейді», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың сөзінше, Бас прокуратурамен бірлесе отырып, жерді заңсыз беруге тырысқан әрбір жағдайға құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріледі. Конституцияның жаңа жобасында бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидаты дәл осы мақсатта іс жүзінде орындалып жатыр.
«Қайталап айтамын: жаңа Конституция жерді шетелдіктерге сатуға жол бермейді. Жер халықтың қазынасы, солай болып қала береді», – деп түйіндеді депутат.
Айта кетелік, бұған дейін мемкеңесші Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесі шайқалмасын айтып, қазақтілді қауымға кепілдік берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

