Қазақстан Халық партиясы жаңа Конституция жобасын ел өңірлерінде талқылауды жалғастыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Партияның аймақтық филиалдары кездесулер, пікірталастар ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер мен басқа да іс-шараларға қатысып жатыр.
Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағыбаев жергілікті Достық үйінде өткен талқылауға қатысты. Жиында облыс әкімі Асаин Байханов жаңа Конституцияны әзірлеуде халықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың 2000-нан астам ұсынысы ескерілгенін атап өтті. Ол реформаның тарихи маңызы мен әрбір азамат үшін практикалық мәніне ерекше назар аударды.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын толық қолдап, оның қоғамдық талқылау мен түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытатындарын жеткізді.
– Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, заңның үстемдігін күшейтеді, саяси жүйені жаңартады. Сонымен қатар, алғаш рет «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және тәртіп» қағидалары бекітілген, – деп атап өтті жиын қатысушылары.
Осындай маңызды кездесу Жамбыл облыстық филиалында да өтті. Басқосуды филиал төрағасының орынбасары Болатбек Колтаев ашты. Филиал төрағасының міндетін атқарушы Рахман Ақкөзиев Конституция жобасының негізгі тұстарын түсіндірді. Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Елдос Далабай мен Азамат Лесбек жаңа редакциядағы өзгерістер мен негізгі баптарға нақты тоқталды. Талқылауға партия белсенділері де қатысып, өз пікірлерін білдірді.
– Қатысушылар Конституцияны жаңарту қажеттігін түсініп, белсенді қолдау көрсетті. Қазақстан халқы жақсы өзгерістер күтеді, – деп қорытындылады ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ Шымкент қалалық филиалында өткен кездесуде де Конституция жобасы жан-жақты талқыланды. Партия өкілдері жаңа құжаттың негізгі ережелерін түсіндіріп, саяси ұйымдардың конституциялық өзгерістерді жүзеге асырудағы рөлі жайлы пікір алмасты.
– Осындай кездесулер партия белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді терең талқылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті партия мүшелері.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапқанын сайтымызға белгілі заңгер Айман Омарова айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

