Қазақтар енді көлікке мемлекеттік нөмір алу үшін бұрынғыдай арнайы ХҚКО-ға барып кезек күтпейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мобильді қосымша арқылы жаңа цифрлық сервисті іске қосты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ереже бойынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік иелері үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің тізімі кеңейтілді. Енді оған автокөлік жүргізушілерінің арасында аса танымал, сұранысы жоғары «қалаулы» және «айнадай» (зеркальный) нөмірлер де кіреді. Осылайша, автокөлік иелері үшін таңдау мүмкіндігі артты.
Жаңа онлайн сервис арқылы мемлекеттік нөмірді тапсырыс беру бірнеше минутты ғана алады.
Ол үшін азаматтар смартфондағы ХҚКО мобильді қосымшасына кіріп, авторизация жасап, мемлекеттік нөмір таңдау қызметін таңдайды. Қосымшада қажетті әріп пен сан комбинациясын енгізіп, нөмірді таңдау жеткілікті.
Пайдаланушының аймағы автоматты түрде тіркелген мекенжайына сәйкес анықталады.
Егер таңдалған комбинация бос болса, бірден онлайн төлем жасауға және дайын нөмірді алатын бөлімшені таңдауға болады. Ал таңдалған нөмір бос болмаса, жүйе ескертіп, басқа комбинацияны ұсынады.
Қызметтің басты ерекшелігі
Ішкі істердің ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялануы. Соның арқасында азаматтар нөмірдің бос немесе бос емес екенін нақты уақытта көре алады. Адами фактор алынып тасталғандықтан, қызмет толық ашық әрі әділ болады.
Жаңа қызметтің тағы бір маңызды тұсы халықтың уақытын үнемдеу, ХҚКО-лардағы ұзын-сонар кезекті жою және бюрократиялық кедергілерден арылу. Бұрын сағаттап күтетін қызмет енді бірнеше минутта смартфон арқылы-ақ шешіледі. Енді қалаған көлік нөміріңіз бір ғана басу арқылы қолыңызда болады.
Ал қымбат, «блатной» нөмірлер туралы біз арнайы талдау жасағанбыз. VIP нөмірлердің бағасы жаңа жылдан бастап күрт қымбаттап шыға келді. Ерекше сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің құны шамамен 10 пайызға артты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

