Ғалымдар Англияның Саффолк графтығынан ежелгі адамдар от тұтатқан ең көне дәлел тапты. Бұл от жағу орны шамамен 415 мың жыл бұрын неандертальдықтар тарапынан жасалғаны анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы жаңалық адамзат эволюциясындағы маңызды кезеңнің бұған дейін болжанған мерзімнен әлдеқайда ерте болғанын көрсетеді. Археологтар Барнхэм ауылы маңындағы бұрын кірпіш өндіруге арналған көне саз карьерінен ерекше жәдігерлер от әсерінен өзгерген саз қабатын, ыстықтан сынған шақпақтас құралдарын және екі дана темір пиритті тапқан. Темір пирит шақпақтасқа соғылғанда ұшқын шығарып, от тұтатуға мүмкіндік беретін минерал.
– Адамдар пиритті арнайы от жағу мақсатымен осы орынға алып келген деп ойлаймыз. Бұл жаңалық отты әдейі тұтату тәжірибесінің тарихын айтарлықтай ертерек кезеңге жылжытады, – дейді зерттеуді басқарған Лондондағы Британ музейінің археологы Ник Эштон.
Осы жаңалыққа дейін ең көне от тұтату дәлелдері 50 мың жыл бұрынғы Францияның солтүстігінде табылған және ол да неандертальдықтарға тиесілі еді.
Отты басқару мен оны әдейі тұтата алу қабілеті – адамзат эволюциясындағы аса маңызды оқиғалардың бірі. Ол ежелгі адамдарға тамақ пісіруге, суықтан қорғануға және жыртқыштардан сақтануға мүмкіндік берді. Әсіресе, суық климаты бар Британия секілді аймақтарды мекендеуде шешуші рөл атқарған.
«Пісірілген тағамдардағы зиянды микроорганизмдер жойылып, тамақ ағзаға жеңіл сіңетін болды. Бұл өз кезегінде адамның миы дамуына қажетті энергияны босатты», – дейді зерттеушілер.
Сондай-ақ оттың айналасында кешкі уақытта адамдар жиналып, қарым-қатынас орнатып, әңгімелесіп, тіпті алғашқы тіл мен мәдени дәстүрлердің қалыптасуына жағдай жасалған.
Палеолит дәуіріндегі «технологиялық революция»
Барнхэм орнындағы бұл олжа неандертальдықтардың ойлау қабілеті мен жаңашылдығын көрсететін тағы бір маңызды дәлел. Зерттеушілердің айтуынша, от жағу орнынан адам сүйектері табылмаған. Алайда, осы орыннан 160 шақырымдай жерде орналасқан Суонскомб елді мекенінде шамамен 400 мың жыл бұрын өмір сүрген неандертальдықтың бас сүйегі фрагменттері анықталған. Ол Испаниядағы 430 мың жыл бұрынғы Сима-де-лос-Уэсос (Сүйектер шұңқыры) мекенінен табылған неандертальдықтарға ұқсас екені анықталған.
– Сондықтан Барнхэм орнындағы отты тұтатқан адамдар Суонскомб пен Сима-де-лос-Уэсос адамдары секілді ерте кезеңдегі неандертальдықтар болуы ықтимал, – дейді зерттеуге қатысқан палеоантрополог Крис Стрингер.
Неандертальдықтар шамамен 39 мың жыл бұрын жойылып кетті. Дегенмен, қазіргі адамдардың ДНҚ-сында неандертальдықтармен араласудың ізі қалған.
Осы орыннан бұған дейін де көптеген ежелгі жануарлардың сүйектері мен олардағы адамдар қалдырған іздер табылған болатын. Африкада шамамен бір миллион жыл бұрын адамдардың табиғи өртті пайдаланғаны туралы дәлелдер бар, бірақ оларда отты әдейі тұтатқанын растайтын айғақтар болмаған.
Ғалымдар Барнхэм орнындағы бұл жаңалықты дәлелдеуге төрт жыл уақыт жұмсаған. Геохимиялық зерттеулер барысында бұл орында бірнеше рет от жағылып, температураның 700 градустан асқаны расталған. Осылайша бұл жаңалық адамзаттың от жағу дағдысы тарихын бірнеше жүз мың жылға кері жылжытып отыр.
Айтқандай, Димаш тағы да Қытайды бағындырды! Қазақтың әйгілі әншісі қатысқан Voice Beyond Horizon шоуы 24 сағатта 102 миллион (!) қаралым жинады. Бір тәулікте бүтін бір елді таңғалдыру деген осы шығар!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

