Белгілі экономист Мұрат Темірханов өзінің жаңа жазбасында Қазақстан экономикасындағы мемлекеттің шамадан тыс үлесін азайту ісі соңғы 15 жыл бойы бір орында тұрып қалғанын сынға алды. Автор «Самұрық-Қазына» қоры төңірегіндегі жемқорлық дауларынан кейін қайта көтерілген экономиканы ырықтандыру мәселесін 2013 жылғы ахуалмен салыстыра талдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2013 пен 2026 жыл: өзгермеген сценарий
Мұрат Темірхановтың жазуынша, «Самұрық-Қазына» басшылығындағы сыбайлас жемқорлық жанжалдарынан соң ел экономикасына мемлекеттің тым көп араласуы мен оның халықаралық бәсекеге қабілеттілікке тигізіп отырған кері әсері қайтадан талқылана бастады.
Экономист тура 13 жыл бұрын, 2013 жылдың қарашасында Forbes басылымына жазған мақаласын еске алады. Сол кезде ол «жекешелендірудің екінші толқыны» арқылы мемлекет үлесін төмендету жоспарлары нақты нәтиже бермей, құр дабыраға айналғанын жазған еді. Автордың пікірінше, арада он үш жыл өтсе де, жағдай сол күйінде қайталанып отыр.
«Ол кезде осыған қатысты ұранды сөздер көп айтылды, бірақ нәтижесінде ілгерілеу өте аз болды да, кейбір тұстарда кері шегініс байқалды. Егер менің 2013 жылғы мақаламдағы 2011, 2012, 2013 жылдарды 2024, 2025, 2026 жылдарға ауыстырсақ, дәл сол жағдайдың қайталанғанын көруге болады — тағы да бір нәрсе естіп, мүлде басқасын аламыз», – деп жазды Мұрат Темірханов.
Экономиканы ырықтандыру жарлығы неге алға баспады?
Өз жазбасында экономист 2024 жылдың мамырында жарияланған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа да тоқталады. Автор аталған құжаттың мазмұны өте жақсы жазылғанын атап өтіп, онда үш негізгі бағыт айқындалғанын еске салады:
экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды әрі жедел қысқарту;
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы корпоративтік басқарудың дербестігін, сапасын және тәуелсіздігін арттыру;
меншік нысанына (мемлекеттік немесе жекеменшік) қарамастан, нарықтарда әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін жағдайларды жетілдіру.
Алайда Мұрат Темірхановтың пайымдауынша, 2011–2013 жылдардағыдай, ырықтандыру жөніндегі құжат бойынша да айтарлықтай серпіліс байқалмай отыр, ал жекелеген бағыттарда кері кету тағы да байқалады.
Неге кәсіпкерлер бұрынғыдай дауыс көтермейді?
Жазбасының соңында автор 2013 жылғы мақаласынан үзінді келтіріп, ол кезеңдегі бизнес қауымдастықтың көңіл күйі мен 2026 жылғы ахуалды салыстырады.
«Нарықтық экономикадағы мемлекет үлесінің өсуі бизнесті қатты алаңдата бастады. Кәсіпкерлер барған сайын жиі наразылық білдіруде. 2013 жылдың қыркүйегінде отандық бизнес-элитаны жинаған Kazakhstan Growth Forum аясында барлық қатысушы Қазақстандағы мемлекеттік капитализмнің аса жағымсыз рөлін бағалауда бірауыздан келісті», – деп жазған еді экономист 13 жыл бұрын.
Осы дәйексөзді мысалға алған Мұрат Темірханов 2026 жылы кәсіпкерлердің неліктен мемлекеттің экономикадағы тым жоғары үлесіне қарсы бұрынғыдай белсенді наразылық білдірмейтініне таңданыс білдіріп, қоғам назарын осы үнсіздікке аударады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







