Депутат Мұрат Әбенов жаңа Конституция жобасындағы сөз бостандығына қатысты шектеулердің неліктен енгізілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, шектеу ең алдымен азаматтардың құқығы мен ар-намысын қорғау үшін қажет деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституциялық комиссияның отырысында депутат батыстан келген «бойкот» (cancel culture) феноменін қатты сынап, оның ел ішіндегі қоғамдық диалогқа қауіп төндіретінін айтты.
«Қазір әлемде белең алған осы құбылыс кез келген пікірталасты жеке адамға қарсы шабуылға айналдырып, қарсылық білдірген адамның өзін тұқыртып, абыройын аяққа таптаумен шектеліп жатыр.
Бұл даму емес, дағдарысқа апаратын жол. Осындай ойындар қоғамның радикалдануына, әлеуметтік шиеленіске, бөлінуге алып келеді.
Сондықтан Қазақстанда сөз бостандығы басқа адамның ар-намысына тиісуге, оны қорлауға немесе қудалауға мүмкіндік бермеуі тиіс», – деді Мұрат Әбенов.
Осы себептен жаңа Конституция жобасына адамның қадір-қасиеті мен абыройының заң жүзінде қорғалатыны туралы бап енгізілген.
«Мұнда мәселе сынды шектеуде немесе БАҚ еркіндігін тұншықтыруда емес. Бұл нормалар жеке адамның абырой-беделін қорғау үшін қажет. Мемлекеттің шешімдерін сынауға, ұстаныммен келіспеуге әбден болады. Бірақ ешкімнің жеке басына тиісуге, оның қадір-қасиетін таптауға ешкімнің құқығы жоқ», – деп түсіндірді депутат.
Әбеновтың пікірінше, Қазақстан үшін ең дұрыс жол ашық әрі жауапты пікірталас мәдениетін қалыптастыру.
Бұған дейін алғашқы Ата заңды әзірлеуге атсалысқан танымал заңгер Майдан Сүлейменов жаңа Конституцияның кем-кетігін жіпке тізіп шыққан. «Конституция ұран емес, заң. Ол болашаққа шақырмайды, қол жеткізгенді бекітеді. Сондықтан преамбуладағы ұрандар мен насихаттың керегі жоқ», — деген еді ол
Ал Бақытжан Базарбек, Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи бастаған «ауыр артиллерия» басқаша ойлайды. Депутат Бапидің пікірінше көпшілік өзгерістің ауқымын толық бағалай алмай отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

