Ғылым ордасында архив мамандары ұлттық мұраны қалпына келтіру бойынша кәсіби шеберліктерін арттырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 9 ақпанда Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов пен Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай маңызды ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл меморандум екі мекеме арасында ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Атап айтқанда, құжаттар қорын Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректермен толықтыруды көздейді. Сонымен қатар қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, ғылыми-мәдени іс-шараларды ұйымдастырады. Тағы да архив қорларын цифрландыру, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары қамтылып отыр.
Іс-шара барысында Ғылым ордасының басшысы Ұлар Мұқажанов өз сөзінде ынтымақтастықтың маңыздылығын айрықша атап өтті.
– Ғылым ордасы мен Орталық мемлекеттік архив арасындағы әріптестік – архив және кітапхана ісінде, архив құжаттарын консервациялау және реставрациялау бағытында үлкен мүмкіндіктер ашатын маңызды бастама. Біздің мақсатымыз – архив қорларын сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру ұлттық мұраны жан-жақты насихаттап, ғылыми-мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Ұлар Мұқажанов.
Өз кезегінде Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай архив мамандарының реставрация және консервация саласындағы кәсіби шеберліктерін арттыру маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, архив қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жалпы, меморандум екі мекеменің бірлескен күш-жігерін нығайтып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға айрықша серпін береді деп күтілуде.
Біле жүріңіз, енді WhatsApp қолданушылары мессенджердің веб-нұсқасы арқылы компьютерден тікелей дауыс және бейнеқоңырау жасай алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

