Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заңның жобасына қосымша енгізілген өзгерістер туралы баяндады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын барысында Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтардың тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығын күшейту мәселесі қаралғанын атап өтті.
– Конституцияның 28-бабының 1-тармағына енді тек баспанадан айыруға ғана емес, сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да тыйым салатын норма енгізілді. Сондай-ақ, тұрғын үйге басып кіру, оны тінту тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асады, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Жаңа Конституцияның қабылдануы мен 1995 жылғы Конституцияның күшін жою мерзімдері туралы да нақты нормалар ұсынылды. Сонымен қатар Конституцияда бірпалаталы Құрылтайға көшу және оны сайлау тәртібі, лауазымды тұлғаларды тағайындау мен жаңа мемлекеттік органдарды қалыптастыру мәселелері айқындалады.
– Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Соттың бұрын қабылдаған қаулылары жаңа Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде күшін сақтайды, – деді Конституциялық Сот өкілі.
Сонымен бірге, Конституцияның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндері қайта қаралып, барынша жетілдірілген. Терминологиялық және семантикалық бірізділік қамтамасыз етіліп, құқықтық нормалардың мазмұны әр азаматқа түсінікті әрі қолжетімді болуына мән берілген.
– Заңгерлер мен лингвист мамандардан құралған жұмыс тобының еңбегі. Конституцияның жаңа жобасы комиссия мүшелері мен заңгерлер қауымдастығының кең талқылауынан өтіп, оң баға алды, – деп түйіндеді Бақыт Нұрмұханов.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бүгін Жаңа Конституцияның жобасы тарих пен бүгіннің сабақтастығын сақтай отырып, ұлт болашағын айқындайтын ерекше құжатқа айналғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

