2025 жылдың соңында Кремль көсемімен тікелей эфирде тілдесіп, Ресей азаматтығын алуға көмек сұраған қазақстандық зейнеткер Лүдмила Кондратиеваға ресейлік төлқұжат тапсырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресей Ішкі істерінің мәліметінше, зейнеткердің қуанышында шек болмаған. Қазақстан азаматы Лүдмила Кондратиева былтыр қыркүйек айында қызының шақыруымен Мұрмынскі облысындағы Кола қаласына келген. Әлгі жер ұнап қалып, зейнеткер Ресейде тұрақты тұруға шешім қабылдаған.
Артынша қараша айында құжатын рәсімдеуге өтініш бергенімен, біраз қиындыққа тап болған.
Содан кейін Лүдмила апа «Итоги года с Владимиром Путиным» бағдарламасының тікелей желісінде Ресей президентінен құжат рәсімдеуде көмек сұраған болатын.
«Полиция қызметкерлері зейнеткердің өтінішін жедел қабылдап, қажетті құжатты жинауға және рәсімдеуге барынша көмектесті. Өтініш қысқа мерзімде қаралып, оң шешім шықты. Лүдмила Кондратиева Ресей Федерациясының азаматы ретінде ант қабылдап, оған ресейлік паспорт табысталды», – деді Ішкі істер өкілдері.
Өз кезегінде зейнеткер қиын сәтте көмектескен полиция қызметкерлеріне жеделдік пен жанашырлық үшін алғыс білдіріпті.
Қазақстаннан Ресей капиталы да кетіп жатыр. Соңғы уақытта Мәскеудің елімізге салған инвестициясы күрт азайған. Былтырғы жарты жылда Ресейден келген 300-ге жуық компания Қазақстан нарығынан кетіп тыныпты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

