Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-отырысында «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қоғамның мыңдаған ұсыныстары негізінде әзірленген жаңа Конституция жобасын толық қолдап, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Серік Егізбаев өз сөзінде жаңа Конституцияның азаматтардың талап-тілегі мен қоғамның өзекті сұраныстарына толық жауап беретінін атап өтті.
– Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында мыңдаған ұсыныс ескерілді. Бұл құжат еліміздің алдағы даму бағытын, азамат пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының жаңа моделін нақты айқындап береді, – деді партия төрағасы.
Серік Егізбаевтың айтуынша, Конституцияның өзегі – адам мен оның құндылықтары, билік тармақтарының теңгерімі, заң үстемдігі және әлеуметтік әділеттілік қағидаттары болып табылады.
Сонымен қатар «Ауыл» партиясы еліміздің көптеген өңірлерінде жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
– Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Шымкент және басқа да облыстарда халықпен кездесулер өткізілді. Барлық кездесулерде ауыл тұрғындары ұсынылып отырған өзгерістерді заңдағы қарапайым түзетулер емес, өз өміріне нақты ықпал ететін маңызды қадам ретінде қабылдап отыр, – деді Серік Егізбаев.
Кездесулерде халықтың басым көпшілігі Конституция жобасын жалпыұлттық референдум арқылы бекітудің маңыздылығын ерекше атап өткен.
«Барлық кездесулерде халықтың айтқаны бір: «Бұл тарихи құжатты халықтың өзі шешіп, бекітетін уақыт жетті». Сондықтан Конституцияның жаңа жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамын және барша отандастарымызды осы бастаманы қолдауға шақырамын!» – деп түйіндеді Серік Егізбаев.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бүгін Жаңа Конституцияның жобасы тарих пен бүгіннің сабақтастығын сақтай отырып, ұлт болашағын айқындайтын ерекше құжатқа айналғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

