Депутат Ерлан Сайыров ұлттық газ операторы QazaqGaz компаниясының жұмысын сынға алып, штат санын қысқартып, үнемделген қаржыны өңірлерді газдандыруға бағыттау қажеттігін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ол Мәжілістегі «газбен жабдықтау және тауарлық газды тиімді тұтыну мәселесіне өзгеріс мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.
Сайыров өз сөзінде президент Тоқаевтың бұған дейін QazaqGaz компаниясының жұмысына қатаң сын айтқанын еске салды. Айтуынша, жылына шамамен 350 млн текше метр газ өндіретін компанияда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соншама маманы бар мекеменің жұмысы ақсап тұр.
«XXI ғасырда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үйлерін әлі күнге дейін көмірмен және тезекпен жылытып отыр. Бұл ма, бұл ұят нәрсе», – деді депутат.
Сондай-ақ ол энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың берген жауабына көңілі толмағанын жеткізді. Вице-министр министрлік геология комитетімен бірлесіп ресурстық базаны кеңейту, геологиялық жұмыс және зауыттар құрылысына көңіл бөлетінін айтқан-тын.
Кофеге жұмсалған халықтың ақшасы
Солай бола тұра, депутат Сайыров ауылды аймақтарды газбен қамту мәселесі шешілмей отырғанын атап өтті.
«Күні бойы кофе ішуден басқа ештеңе бітірмейтін қызметкерлерді қысқарту керек. Үнемделген ақшаны ауылға газ тартуға жұмсаған дұрыс. Бұл халықтың ақшасы, әр тиын ел игілігіне бағытталуы тиіс», – деп қорытындылады мәжілісмен.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев ұлттық компаниялар, соның ішінде «Самұрық-Қазынада» жұмыс істейтін, бірақ нақты ештеңе бітірмейтін қызметкерлерге шүйліккен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

