Қазақстандықтар үшін үйлі болудың тағы бір мүмкіндігі ашылады. «Отбасы банк» шариғат қағидаларына сай келетін алғашқы ипотеканы іске қосуға әзірленуде деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ислам шарттарын негізге алған бастама қазірдің өзінде құрылыс саласындағы ірі компаниялар мен Қазақстан құрылысшылар одағынан қолдау тапқан.
Басты ерекшелік пайыздық үстемесіз, шариғат талаптарына сай, әділ әрі таза қаржы ұсыну.
«Елдегі мұсылман азаматтардың жартысынан көбі дәстүрлі банк қызметтеріне амалсыз жүгінеді. Басқалай жол болмағандықтан ғана, пайыздық несиеге келіседі. Ал дін ұстанатын екі миллионға жуық қазақстандық әлі күнге дейін баспана мәселесін шеше алмай отыр», — дейді банк өкілдері.
Бұған дейін қандай кедергі болды?
Әзірге Қазақстанда шариғат ипотекасын ұсынатын бірде-бір қаржы мекемесі жоқ. Бұған басты кедергі заңнамалық шектеулер. «Отбасы банкі» осы мәселені шешу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін реттейтін заңдарға өзгерістер енгізуге кірісіп кетті. Жаңа өнімдерді әзірлеу, құқықтық негіздеме жасау және сараптамалық жұмыстар қарқынды жүруде.
Жобаның стратегиялық серіктесі ислам қаржысы саласында әлемдік беделі зор Пәкістан банктерінің бірі.
Мамандар қазірдің өзінде мурабаха (пайызсыз бөліп төлеу), иджара (жалға алу) және мушарака мутанакиса (біртіндеп үлес сатып алу) секілді заманауи әрі халал механизмдерді жергілікті жағдайға бейімдеуді бастап кетті. Сонымен қатар шариғат комплаенсін толық қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде.
Айта кетелік, бұған дейін біз «Отбасы банктің» монополиясы жойылатынын, наурыздан кейін үлкен өзгеріс болатынын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

