Қазақстанда еттің арзан болуы шаруаны қолдау емес, керісінше мал шаруашылығын құрдымға кетірудің төте жолы. TURAN мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Жәнібек Кенжебаев осылай деді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Finratings-ке пікір білдірген шаруаның сөзінше, базардағы баға төмен болған сайын халық қуануы мүмкін, бірақ оның зардабы тереңде жатыр. Мал бағу тиімсіз болғасын, қора-қопсы қаңырап бос қалады. Асыл тұқымды мал басы азайып, шаруашылық дағдарысқа ұшырайды.
Кенжебаев шаруалар үшін еттің ең тиімді бағасын атады.
Сиыр еті кемі 10-12 мың теңге, қой еті 7,5 мыңға жуық, ал жылқы етінің бағасы бүгінгіден кем дегенде 15 пайызға жоғары болуы тиіс.
«Қымбатшылық деп дүрлігудің керегі жоқ. Мал шаруашылығының жылдар бойы көрген зияны осы бағаның төмендігінен еді. Әділ баға орнаса ғана сала еңсесін көтереді», – дейді сарапшы.
Қазіргі баға арзан ба?
Қазір Қазақстанда ет бағасы көрші елдерден әлдеқайда арзан. Қырғызда бір келі ет 4100 теңгеден, Беларуста 4400 теңгеден басталады. Ресей мен Өзбекстанда да бізден жоғары 5200 теңгеден асып кеткен.
Осы ретте мемлекет енді субсидия тарату тәжірибесін тоқтатып, жеңілдетілген несие беру бағытына көшіп жатыр. Бұрын шаруашылық басшылары субсидия алудың қамымен қағаз жүзінде миллиондап мал тіркеген. Былтырдың өзінде 2 миллионға жуық жалған мал анықталған екен. Сондықтан бұл қадамды сала өкілдері де толық қолдап отыр.
Сарапшының болжауынша, бағаның өсуі уақыт талабы. «Қазақтар еттің құнын қайта қарауға дайын болу керек. Арзан етті қуалай берсек, ертеңгі күні отандық мал шаруашылығы тұралап қалуы мүмкін», — дейді ол.
Мамытбеков не дейді?
Экс-ауылмин Асылхан Мамытбектов те осы ұсынысты қолдап отыр.
«Бағаны жасанды ұстап тұру серіппені басып тұрумен тең. Серіппенің бір күні босап, қатты тебетіні анық. Бағаны жыл сайын аздап көтеруге мүмкіндік бергенде, мұндай күрт қымбатшылық болмас еді», – дейді экс-министр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

