Қазақстанда білім беру саласын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биыл еліміздің әр түкпірінде 47 мыңға жуық оқушыға арналған 90 жаңа мектептің құрылысы қолға алынған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Ведомство дерегінше, жаңа мектеп құрылысына бірнеше қаржы көзі жұмылдырылған. Атап айтқанда, арнайы мемлекеттік қор, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асады.
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Түркістан және Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарында бой көтереді.
Бұдан өзге, алдағы үш жыл ішінде 1300 мектепті бірізді заманауи форматқа көшіру жоспары бекітілген. Оның ішінде ауылда орналасқан 900 мектепті түбегейлі жаңарту көзделіп отыр.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылы елімізде 209 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, толықтай жаңартылған. Биыл осы бағыттағы жұмыстар тағы 98 білім ордасында жалғасуда. Жөндеу барысында заманауи пән кабинеттерін жасақтау, мектеп жиһаздарын ауыстыру, кітапхана мен асхана жаңарту, спорт залдарын қайта салып, кеңейту, мектеп аумағындағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру қарастырылған.
Бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда 162 жаңа мектеп салынып, 236 мыңдай оқушыға орын берілген еді. Соңғы үш жылдың ішінде 746 мың оқушыға арналған 584 мектеп пайдалануға берілген.
Ал сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердің мәселесін май шаммен қарауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

