Ақпан айының ортасынан бастап, ал оңтүстік өңірлерде одан да ертерек бау-бақшадағы жеміс ағаштарының қысқы бұталу маусымы басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жұмыс солтүстіктегі аймақтарда күн жылып, ағаш бойына шырын жүре бастағанша жалғасады. Бұталаудың басты мақсаты жас ағаштың дұрыс пішінін қалыптастыру және кейінгі жылдары өнім беретін кезеңде ағаш бұтақтарын ретке келтіру арқылы сапалы әрі мол жеміс алу.
Ағашты пішіндеудің бірнеше жүйесі бар. Бірақ көбіне орталық жетекші (негізгі діңгектің жоғары бөлігі) мен одан таралатын негізгі бұтақтардың дұрыс орналасуы арқылы еркін өсетін пішін қолданылады. Ағаш өскен сайын жетекші бойында бірнеше қабатты крона пайда болады.
Кейін ағаш тым биіктеп кеткенде, жетекші бұтақты төменірек орналасқан жанама бұтаққа дейін қысқартады. Бұл ағаштың төмендеуіне және жарықтың біркелкі түсуіне мүмкіндік береді. Скелеттік бұтақтар бір-біріне қабаттаспай, еркін әрі ашық орналасуы керек.
Кейбір бағбандар ағаштың жас кезіндегі күтіміне немқұрайлы қарап, өсімдіктің өздігінен өсуіне жол береді. Соның кесірінен ағаштың діңі екіге айырылып немесе негізгі бұтақтары ағашқа тым жақын орналасып, өткір бұрыш жасап өседі.
Мұндай бұтақтар жеміс, қар салмағы немесе қатты желдің әсерінен жиі сынады. Сонымен қатар олардың түйіскен жерінде ылғал жиналып, шіру процесі басталады. Бұл жағдай ағаштың діңіне дейін жететін терең сызаттың пайда болуына әкеледі. Кейбір бағбандар бұл жарықты қысқыштармен немесе сымдармен бекітіп, ағашты сақтап қалуға тырысады. Бірақ мұндай тәсіл тек қысқа мерзімдік шешім.
Ең дұрысы жұқа әрі әлсіздеу діңді жарықтың түбіне дейін арамен қиып тастау. Әрине, одан кейін ағашта үлкен жара қалады, алайда қабығы жылтыр, мықты әрі қыста төзімді болса, ағаш жарасы біртіндеп жазылады. Жараның үстіне арнайы бау-бақша замазкасын жағып, жара толық жазылғанша замазканы мезгіл-мезгіл жаңартып тұру керек.
Дұрыс қалыптасқан ағаштарда мұндай мәселе туындамайды. Бұтақтары үлкен бұрышпен таралатын ағаштарда жылдық қабаттар еркін өсіп, бұтақтың діңге бекіген тұсы мықты болады. Мұндай бұтақтар жеміс салмағымен майысып жерге дейін жетсе де, сынбайды. Бұл алмұрт ағашына өте маңызды, өйткені алмұрттың жемісі алмаға қарағанда шамамен бір жарым есе ауыр.
Контекст
Жас ағаштың бұтақтарын ерте кезден икемдеп, оларды дұрыс бағытта өсіру арқылы өткір бұрыштардың алдын алуға болады. Ол үшін жаз мезгілінде бұтақтар әлі жіңішке әрі икемді болған кезде, жіп немесе арнайы жүк арқылы көлденең тартып байлау керек.
Бұтақтың ұшын ағаштың діңіне байлауға болмайды, өйткені мұндай жағдайда бұтақтың үстіңгі жағында қалың өскіндер (волчок) пайда болады. Сондай-ақ тым жуан бұтақтарды (диаметрі 2 см-ден артық) күшпен майыстыруға болмайды олар сынады. Мұндай бұтақтарды алдымен арамен астынан бірнеше жерінен таяздап кесіп алып, содан кейін ақырын ғана майыстырып, екі жағынан жіппен байлау қажет. Бұлай істегенде бұтақтар тез жазылып, қалыпты өсуін жалғастырады.
Қысқы бұталау бақша күтіміндегі маңызды әрі қажетті кезең. Оны дұрыс орындасаңыз, алдағы жылдарда ағаштарыңыз сапалы жемісімен қуантады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

