Қазақстан банктеріндегі депозит көлемі желтоқсанда бірден 1,8 трлн теңгеге қысқарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Нәтижесінде, былтыр қарашада тарихи рекордқа жеткен жалпы депозит көлемі (48 трлн теңге) биылғы қаңтардың басында 46,2 трлн теңгеге төмендеген. Бұл бір айдағы депозит көлемінің 3,8 пайызға қысқарғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, бір жыл ішінде депозиттердің көлемі 14,2 пайызға өсіпті. 2025 жылдың басында көрсеткіш 40,4 трлн теңге деңгейінде болған еді.
Ұлттық валютадағы депозит көлемі желтоқсанда 3,3 пайызға кеміп, 36,6 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде ол 17,2 пайызға артқан. Оның ішінде халықтың салымдары басым – 21,2 трлн теңге. Дегенмен, жеке тұлғалар депозиттері бір айда 0,7 пайызға азайған. Ал компания депозиттерінің көлемі күрт төмендеп, бір айда 7,6 пайызға кеміген.
Шетел валютасындағы салымдар да бір ай ішінде 6 пайызға төмендеп, 9,5 трлн теңге болған. Бірақ жылдық өсім – 4,2 пайыз.
Депозиттің қай түрі кеміп жатыр?
Жеке салым түрлеріне тоқталсақ, бір айда ең көп қысқарған депозиттер кез келген уақытта еркін алынатын аударым салымдары. Мысалы, ұлттық валютадағы жеке тұлғалардың осы санаттағы депозиттері бірден 22 пайызға төмендеп, 2 трлн теңге шамасында болған. Ал шетел валютасында аударым депозиттері 21,4 пайызға қысқарып, 2,2 трлн теңге көрсеткішіне дейін төмендеген.
Керісінше, тұрақты өсім байқалған санат классикалық жинақ депозиттері. Бір жыл ішінде олар ұлттық валютада 20,3 пайызға өсіп, 30 трлн теңгеге жеткен.
Соның ішінде жеке тұлғалардың салымы 25 пайызға, компаниялар салымы 16 пайызға артқан. Айлық өсім тек жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы жинақ салымдарында байқалды. Желтоқсанда бұл санат 1,5 пайызға артқан.
Бұған дейін банктер арасында депозит дуелі жүріп жатқанын жазған едік. Ең тиімді шартты кім ұсынып отыр? Осы арадан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

