Қазақтар жинақтарын жоғары табысты, бірақ шарты қатаң депозиттерге белсенді ауыстыра бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) 2025 жылдың соңғы тоқсанындағы нарықты талдап, тұрғындардың депозит талғамы айтарлықтай өзгергенін мәлімдеді. Былтыр алғаш рет мерзімсіз депозиттер көлемі 4,1%-ға төмендеген. Бұрын осы салым түрі тұрақты өсіп келген еді.
Мерзімсіз депозиттердің шарты жеп-жеңіл: салымшы кез келген уақытта ақшасын еркін алып, шотты толықтыра алады. Алайда оның пайыздық мөлшерлемесі әдетте төмен болады. Ал мерзімді және жинақ депозиттерінің пайызы көп, табысы әлдеқайда жоғары, бірақ шарты да анағұрлым қатаң.
Мысалы, мерзімді салымдардан ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде пайыздың бір бөлігінен айырылуға тура келсе, жинақ салымынан мерзімінен бұрын ақша шешу сыйақының толығымен жоғалуына алып келеді.
Депозит нарығы қалай өзгеруде?
Сарапшылар есебіне сүйенсек, былтыр мерзімді депозит көлемі 14 есеге артқан, ал жинақ депозиттері шамамен 1,5 есе өскен. «Тұрғындар ақшаның қолжетімділігі мен жоғары табыс арасында теңгерім іздеуде», — дейді ҚДКБҚ.
Десе де, халық жинағын тым ұзақ мерзімге «қатырып» қоюды қаламайды. Мерзімді және жинақ депозиттерінің 97,7%-ы 6 айдан аспайтын мерзімге ашылған.
Ал 6 айдан 12 айға дейінгі салымдар 1,4%-ды құраса, бір жылдан асатын салымдардың үлесі небәрі 0,9%-ға тең.
Базалық ставкі қалай әсер етуде?
Бас банкир Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені екі рет (наурыз және қазанда) көтеріп, 15,25%-дан 18%-ға жеткізгенін жазғанбыз. Мұны соңы депозиттердің пайыздық табысын айтарлықтай арттыруға алып келді. Әсіресе, қазан-желтоқсан аралығында банктер мерзімді және жинақ салымы бойынша пайыздық мөлшерлемені күрт көтерген.
Нәтижесінде…
2025 жылдың соңына қарай депозиттердің орташа табысы мынадай деңгейге жетті:
мерзімсіз депозиттер бойынша – 15,2% (жыл басынан +1 п.п.);
толтыруға болатын мерзімді және жинақ депозиттерде:
- 1–6 ай аралығында – 19,9% (+5,1 п.п.);
- 6–12 ай – 16,2% (+4,5 п.п.);
- 12–24 ай – 7,6% (+1,6 п.п.);
- 24 айдан астам – 13,1% (+5,4 п.п.);
толтыру мүмкіндігі жоқ салымдарда:
- 1 айға дейін – 18,3% (+3,3 п.п.);
- 1–6 ай – 19,0% (+1,7 п.п.);
- 6–12 ай – 15,7% (+0,3 п.п.);
- 12–24 ай – 15,5% (-0,8 п.п.);
- 24 айдан жоғары – 9,5% (-1,0 п.п.).
ҚДКБҚ сарапшыларының пікірінше, 2026 жылдың бірінші жартысында пайыздық мөлшерлеме қазіргі деңгейде сақталады. Тиісінше, халық депозит ашу ынтасы да арта түседі. Қор банк өнімін таңдағанда тек пайыздық табысқа емес, банктің қаржылай тұрақтылығы мен депозит шартына да назар аударуға кеңес беруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

