Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев кулуарда өзіне қатысты «болашақта вице-президент лауазымына тағайындалады» деген қауесетке пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, мұндай әңгіменің дәл қазір қозғалуы орынсыз әрі қоғамдағы пікірталасты басқа арнаға бұрады.
– Бұл талқылаулардың қоғамдық пікірталасты мүлде басқа бағытқа бұрып әкетіп жатқанын айтқым келеді. Кадр мәселесінің барлығы тек референдумнан кейін, егер Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын қолдаса, сол Конституцияға сәйкес шешіледі, – деді Әшімбаев.
Сенат спикерінің ойынша, қазіргі және алдағы Конституция қабылданғаннан кейінгі барлық кадрлық шешімдерді қабылдау тікелей президенттің құзыретінде.
«Лауазымды тұлғаларды тағайындау – тек қана президенттің прерогативасы. Сондықтан бұл мәселе бойынша қазір талқылау жүргізу немесе қандай да бір пікір білдіруді орынсыз әрі артық деп санаймын», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Әшімбаев Сенаттың қазіргі сессиясы аяқталған соң депутаттар өңірлерге барып, «әділетті, демократиялық, әлеуметтік және ұлттық Қазақстанды» құру бағытындағы бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстарын жалғастыратынын айтты.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болуы мүмкін екені хабарланған. Сондай-ақ, президент бір палаталы парламенттің атауын «Құрылтай» деп белгілеуді ұсынған еді. Құрылтайға 145 депутат сайланып, олардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, президент Қазақстан Халық кеңесі атты жаңа жоғарғы консультативтік органды құру туралы бастама көтерген болатын.
Экономист Асқар Исмаилов премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің «мұнай-газ саласының ел экономикасындағы үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан биыл 8,1%-ға дейін азайды» деген сөзін сынға алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

