Еліміздегі тілсіз жау мен алапат өрттерді ауыздықтауға тікелей жауапты Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің басы күтпеген дауға қалды. Желіде тараған мәліметтерге сәйкес, азаматтық қорғау полковнигі өз шаңырағында тұтанған жанжалдың «жалынын» дер кезінде ауыздықтай алмай, жұбайымен болған кикілжіңнен соң полицияның әкімшілік хаттамасына іліккен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елдегі өртті сөндіріп, өз шаңырағында дәрменсіз қалған бастық
Қазақстандық шенеуніктердің қызметтегі бейнесі мен үйдегі тәртібінің арасы жер мен көктей екені тағы бір мәрте дәлелденгендей. Күнделікті брифингтерде халыққа сабырлық сақтауды, ұшқыннан өрт шығармауды және қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындауды үйрететін бас құтқарушының өз ошағындағы кішігірім «өрт қауіпсіздігіне» шамасы жетпей қалған сыңайлы.
Үйдегі кикілжіңнің қатты тұтанғаны соншалық, оқиға орнына өрт сөндіру көлігі емес, полицияның жедел әрекет ету тобы шақыртылған. Нәтижесінде, төтенше жағдайдың алдын алуға тиіс комитет басшысының өзі полицияның әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасының басты кейіпкеріне айналды.
101 емес, 102 көмекке келген оқиға
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен отбасындағы агрессияға қарсы заң талаптары қатаңдатылып, қоғамда тәртіпке шақыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе погон таққан полковниктердің мінез-құлқы өзгелерге үлгі болуы тиіс еді.
Алайда мемлекеттің өрт сөндіру жүйесін басқаратын лауазымды тұлғаның қарапайым отбасылық диалогты бейбіт жолмен шеше алмай, тәртіп сақшыларының назарына ілігуі – кәсіби біліктілік пен өмірлік ұстамдылықтың арасындағы үлкен қайшылықты көрсетеді. Тұрмыстағы «қызуды» су сепкендей басудың орнына, әкімшілік жауапкершілікке тартылу – генерал атағынан үмітті шенеунік үшін үлкен саяси әрі репутациялық соққы болмақ.
«Қауіпсіздік ережесін» ұмытқан полковник
Қарапайым халыққа балконда шылым шекпеуді, үйдегі қауіпті құрылғыларды сөндіруді ескертіп, айыппұлмен қорқытатын министрлік өкілдері өз үйіндегі қарапайым психологиялық өртті ауыздықтай алмайтыны өте күлкілі көрініс.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жайтқа қатысты ресми түсініктеме беруге әзірге асығар емес. Дегенмен елдегі өрт қауіпсіздігіне басшылық жасайтын полковник Төрегелдиев енді өз қызметкерлеріне нұсқаулық бермес бұрын, алдымен өз шаңырағындағы дау-дамайды сөндіретін «арнайы өрт сөндіргіш құралдарды» қамдап алғаны жөн болар еді. Себебі отбасындағы ұшқын да кейде бүкіл мемлекеттік қызметтегі мансапты күлге айналдырып жіберуге қауқарлы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







