Елде қызылша жұқтырғандардың саны күрт артып, билік қосымша вакцинация мен бірқатар шектеулерді іске қосты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мектептер мен балабақшалардағы вакцинация деңгейін әр топта 90 пайыздан төмендетпеуді тапсырды.
Енді оқу орындарында таңертеңгі тексеру күшейтіледі. Респираторлы инфекция немесе қызылшаның белгісі байқалған оқушы мен мұғалімдер сабаққа жіберілмейді. Сондай-ақ ұжымда қызылша анықталса, вакцина алмаған балаларға уақытша сабаққа қатысуға тыйым салынады.
Қалыптасқан жағдай тұрақталғанша, алты айлық сәбилерге де екпе салу басталады. Бұған дейін вакцина алмаған 2-5 жас және 7-18 жас аралығындағы балаларға қосымша екпе жүргізіледі.
Сонымен қатар, 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне де екпе салу қолға алынды.
Бұдан былай ауруханаға жоспарлы ем алуға жататын балалардың қызылшаға қарсы вакцинасы міндетті түрде болуы тиіс. Екпе кем дегенде ауруханаға жатудан 21 күн бұрын жасалуы қажет. Тек тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар балаларға ғана бұл талап жүрмейді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері елде 1951 адам қызылшаға шалдыққан. Ауру көбінесе бес жасқа дейінгі балалар арасында таралуда. Науқастардың басым бөлігі – вакцина алмағандар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

