Президенттің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі Айбек Смадияров түнеукүні Тоқаев айтқан «7 триллион теңгелік транзакцияға» қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Тоқаев 2025 жылы бір ғана қазақстандық банк арқылы көрші мемлекеттен үшінші елдерге 7 трлн теңге аударылғанын мәлімдеген. Әлгі ақпарат қоғамда гу-гу әңгімеге түрткі болып, түрлі қауесет тараған. Артынша ақпарат Ақорданың сайтынан жоғалып кеткен.
Айбек Смадияров Мемлекет басшысының ешқашан расталмаған ақпаратты айтпайтынын алға тартып отыр.
«Егер Президент 7 триллион теңге туралы ақпаратты жария етсе, ол міндетті түрде тексерілген дерек. Мәселе бұл ақпарат көпшілікке емес, қызметтік пайдалану үшін Қаржы мониториң ғимаратында өткен жиналыста айтылған. Сол транзакцияны жасаған банк әңгіме кім туралы екенін жақсы біледі», – деді ол.
Президент кеңесшісі дипломатиялық протокол мен саяси ұстанымдарға байланысты Тоқаев ақша жөнелтілген ел мен оны қабылдаушы мемлекетті, сондай-ақ санкция жағдайында осындай функцияны «мойнына алған» банк атауын әдейі жарияламағанын жеткізді.
Контекст
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов БАҚ-қа берген мәлімдемесінде аталған сома елден шығарылған таза қаржы емес, жалпы қаржы айналымы екенін атап өткен еді. Оның сөзінше, қазір банкте тексеріс жүріп жатыр, бірақ заң бұзушылықтың нақты нышаны анықталмаған. Шолпанқұлов та банктің атауын атамады.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, банк секторында тез арада ірі табысқа кенелгісі келетін ойыншылар ұлттық мүддені ысырып, үлкен қаржы схемаларына араласудан тартынбайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

