Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Бұдан былай айыппұл тек жол ережесін бұзғандарға ғана емес, кез келген әкімшілік тәртіп бұзушылық үшін автоматты түрде жазылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, бұған дейін автоматты түрде тіркеу көбінесе жылдамдық асырған немесе қызыл жарыққа өткен жүргізушілерге қатысты қолданылып келсе, енді цифрлық жүйелер арқылы кез келген әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұл дереу жазылады.
Әкімшілік кодекстің 31-бабында цифрлық жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша хаттама толтырмай-ақ, тікелей айыппұл салу қарастырылған. Мұндай жағдайда деректер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен интеграцияланған жүйелер арқылы өңделеді.
Заңда көлік құралдарына қатысты тәртіп бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібі де жеке көрсетілген, мұнда бұрынғыдай көлік иелері жауапқа тартылады.
Жаңа жүйе арқылы қандай әрекеттер үшін айыппұл салынуы мүмкін:
- Көшеде қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (2026 жылы 43 250 теңге);
- Темекіні тыйым салынған жерде шегу;
- Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту;
- Заңсыз сауда немесе алкогольді сатуға рұқсат етілмеген уақытта сату (ақылды камералар бар орындарда).
Егер цифрлық жүйе адамның жеке басын анықтап, ақпаратты мемлекеттік деректер базасымен растаған жағдайда, хаттамасыз бірден айыппұл жазылады.
«Сергектің» жұмысы көбейеді
Өзгерістер қала көшелеріндегі «Сергек» тәрізді бақылау жүйелерінің функционалын кеңейтеді. Бұрын видеожазбалар негізінен дәлел ретінде қолданылса, енді ұсақ құқықбұзушылықтар үшін бірден автоматты түрде айыппұл салуға мүмкіндік туады.
Мұндай тәсіл әлемде кеңінен таралған. Мәселен, Қытайда тұлғаны тану арқылы жол және қоғамдық тәртіп бұзушылықтары автоматты түрде тіркеліп, айыппұл цифрлық төлем жүйелері арқылы дереу есептен шығарылады.
Сингапур камералар мен робот патрульдерді пайдаланып, рұқсат етілмеген жерде темекі шегуден бастап, велосипедті дұрыс қоймауға дейінгі әрекеттер үшін қатаң айыппұлдар салады. Дубайда интеллектуалды радарлар жаяу жүргіншілердің тәртіп бұзуын автоматты түрде анықтайды және ақпарат ұлттық деректер базасымен бірден салыстырылады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда енгізілген өзгерістер жаңа құқықбұзушылық түрлерін енгізбейді, тек оларды анықтау мен әкімшілендіру тәсілін өзгертеді. Яғни күнделікті байқалмай келген ұсақ заң бұзушылықтарды енді инспектор емес, цифрлық жүйе анықтап, айыппұлды бірден жазып отырады.
Айтқандай, Ата заңға байланысты сауалнама жүргізуден сақ болыңыз. Бас прокуратура өткенде осыған байланысты ескерту жасаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

