Ресей билігі Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа «терроризмге жәрдемдесті» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Дуровтың өзі әлгі жағдайды «халқынан қорқатын мемлекеттің шарасыз әрекеті» деп атады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Telegram арнасында пікір білдірген Павел Дуров Кремль күн сайын түрлі сылтаумен ел азаматтарының сөз бостандығы мен жеке деректерінің құпиялығына шабуыл жасап отырғанын жазды.
«Мәскеу маған қарсы терроризмге жәрдемдесті деген баппен қылмыстық іс қозғады. Билік күнде жаңа бір сылтау тауып, Telegram-ға шектеу қою арқылы халықтың сөз бостандығы мен жеке өміріне қол сұғуда. Бұл өз халқынан үрейленетін биліктің аянышты көрінісі», – деді Дуров.
Ресейдің ресми органдары Дуровқа қатысты қозғалған қылмыстық істі ФСБ материалдарына негіздеп отыр. Кремль пропагандасының мәліметінше, «Telegram мессенджері анонимділіктің жалған иллюзиясын тудырып, радикалдар мен террористердің алаңына айналған».
ФСБ-ның нұсқасы бойынша, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Telegram «НАТО елдері мен Украина арнайы қызметтерінің басты құралы» ретінде пайдаланылып, Ресейде төңкеріс жасауға әрекеттенген.
Сонымен қатар, ресейлік күштік құрылымдар Telegram-ның қатысы бар деп 2022 жылдан бері 153 мың қылмыстық оқиға тіркелгенін, соның ішінде диверсиялық және террористік бағыттағы әрекеттер көп екенін алға тартты. Олардың қатарында Крокус Сити Холлдағы теракт, Дарья Дугина мен генерал Игорь Кирилловты өлтіру секілді оқиғалар аталған.
Контекст
Бұған дейін Роскомнадзор Telegram мессенджеріне шектеу қоюға байланысты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Ресейлік қолданушылар мессенджердің жұмысында жиі кедергі пайда болғанын айтып шағымданған еді. 2025 жылы WhatsApp және Telegram жұмысы бірнеше күн бойы ішінара шектелген болатын.
Бұған дейін біз Ресейдің әлемдегі ең ірі іздеу жүйесін блоктағалы жатқанын жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

