Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылының тұрғыны Балжан Нүсіп отбасымен бірге гүл өсіріп, айналасын әдемілік пен нәзіктікке толтырып отыр. Ерлі-зайыптылар бес жылдан бері өз ауласындағы шағын жылыжайда альстромерия мен қызғалдақ өсірумен айналысады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биыл отбасы Халықаралық әйелдер күні 8 наурыз мерекесіне орай 14 түрлі сорттан тұратын 60 мың түп гүл дайындады. Жылыжайдың іші көктемнің нағыз әсем көрінісіне бөленген. Ауада жаңа ашылған гүлдердің хош иісі аңқып, көздің жауын алатын түрлі-түсті гүлдер жайқалып тұр. Ақ, қызыл, сары, қызғылт, алқызыл түсті гүлдердің әрқайсысы өзінше әдемі.
Балжан Нүсіптің айтуынша, бұл іс алғашқыда шағын кәсіп ретінде басталған. Басында олар гүлдерді басқа шаруашылықтардан көтерме бағамен сатып алып, сатумен айналысқан. Уақыт өте келе отбасы бұл гүлдерді өздері өсіруді қолға алады. Кәсіпкердің айтуынша, істі бастау оңай болмаған. Қолдағы қаржысын салып, түрлі сынақтардан өтіп, бірнеше рет қателіктерге де жолыққан. Әрбір қателік – олар үшін үлкен тәжірибе мен жаңа білімнің бастауы болған.
Алғашқы қадамдарын 2022 жылы альстромерия гүлінен бастаған. Халық арасында бұл гүлді «перулік лалагүл» деп те атайды. Оның ерекшелігі алуан түрлі түстерімен қатар, кесіп алғаннан кейін де ұзақ уақытқа дейін солмайтындығында.

2023 жылдан бастап, голландиялық тұқымдарды сатып алып, қызғалдақ өсірумен де айналыса бастаған. Егер былтыр жылыжайда 40 мың түп гүл өсірілсе, биыл оның саны 60 мыңға жеткен. Қазірдің өзінде мұнда күніне 5-7 мың гүл жинап, дайын өнімді пиязшығымен бірге салқын қоймаларға жөнелтіп отыр.
«Гүл өсірудің басты құпиясы – адамның гүлге деген жылулығы мен махаббаты деп білемін», – дейді Балжан Нүсіп.
Бұл отбасының гүл кәсібіне түгелдей қатысатынын ерекше атап өту керек. Отағасы Самат Жұмағұлов пен үлкен ұлдары ауыр жұмыстарды атқарса, отбасындағы әйелдер жағы гүлдерді отырғызып, күтіп-баптап, дайын өнімді сатуға әзірлейді.
Қазіргі уақытта жылыжайдың жалпы аумағы 8 сотық жерді құрайды. Шаруашылыққа отбасы мүшелерінен бөлек, тағы да төрт жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған.
Бұл отбасының еңбегі бір-біріне деген сенімнің, ортақ мақсат пен адал еңбектің айқын көрінісі. Олардың кәсіпке деген сүйіспеншілігі өзгелерге де үлгі болары сөзсіз.
Таяуда Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде өңірді дамытудың алдағы 6 басым бағытын айқындап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

