Жасанды интеллект бағытында әлемдік серпіліс жасаған Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Алекс Машрабов ресми түрде Қазақстан азаматтығын алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа азаматқа Қазақстанның көк төлқұжатын вице-премьер әрі цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев табыстады. Кәсіпкер бұл шешімнің өзі үшін аса маңызды қадам болғанын жеткізді.
«Қазақстанды ресми түрде өз үйім деп атай алатынымды мақтан тұтамын», – деп мәлімдеді Алекс Машрабов жаңа құжатты алған сәтте.
Миллиардтаған долларға бағаланған қазақстандық жоба
Higgsfield – отандық технология саласындағы алғашқы «жалғызмүйіз» (unicorn) мәртебесіне ие болған жоба. Компанияны жасанды интеллект зерттеушісі Ерзат Дулат пен бұған дейін Snap Inc бөлімін басқарған Алекс Машрабов бірлесіп құрған. Платформа мәтіндік сұранымдар арқылы сапалы бейнероликтер мен кескіндер жасауға мүмкіндік береді.
Соңғы инвестициялық кезеңдер мен нарықтық бағалау нәтижесінде стартаптың құны 5,4 миллиард долларға жеткен. Жобаға халықаралық ірі қорлармен қатар әлемдік чип алыбы NVIDIA компаниясы да қаржы құйып, қызығушылық танытты.
Алматыдағы ірі инженерлік орталық
Қазіргі уақытта компанияның басты инженерлік хабтарының бірі Алматы қаласында орналасқан. Онда 600-ге жуық жергілікті маман қызмет атқарады. Қызметкерлердің орташа жасы 25 шамасында.
Бұл орталықта мамандар терең технологиялар (deep tech) бағытында күрделі генеративті модельдер әзірлеп, халықаралық нарыққа сапалы цифрлық өнім ұсынып отыр. Кәсіпкердің азаматтық алуы отандық IT экожүйенің жаһандық тартымдылығын одан әрі күшейте түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







