Қазақстан халқының басым көпшілігі жаңа Конституция жобасын қолдап, елдің басты құжатына енгізілетін өзгерістен хабардан екенін айтқан. Amanat партиясының тапсырысымен Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу осыны көрсетіпті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауалнамаға қатысқандардың 87,5%-ы Конституцияның жаңа жобасымен әртүрлі деңгейде таныс. Оның ішінде респонденттердің үштен бірі (34,2%) құжатты мұқият зерделегенін айтса, 53,3%-ы өзгеріс туралы естігенімен, мазмұнына терең бойламаған. Ал қалған 12,5%-ы жоба туралы бірінші рет естіп отырғандарын жеткізген.
Жалпы халық тарапынан қолдау деңгейі жоғары. Сауалнамаға қатысушылардың 86,5%-ы Ата заңның тың нұсқасына оң баға беріп отыр.
Респонденттердің 48,4%-ы өзгерістерді толық қолдайды, тағы 38,1%-ы жекелеген баптар мен ұсыныстарды мақұлдайды. Құжат мазмұнын терең білетін азаматтар арасында қолдау анағұрлым басым екені анықталған.
Халықтың референдумға қатысу ықтималдығы да жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 70,7%-ы дауыс беруге баратынын айтқан. Десе де, азаматтардың 11,6%-ы референдумға қатысуды жоспарламайды, ал 17,7%-ы әзірше нақты шешім қабылдамаған.
Сауалнама барысында ең көп қолдауға ие болған нормалардың ішінде табиғатты қорғау қағидасы ерекше аталды. Бастаманы азаматтардың 94,3%-ы жақтайды. Сондай-ақ, мәдениет, білім, ғылым мен инновация құндылықтарын қолдау (87,8%) және цифрлық ортада азаматтардың деректерін қорғау (87,7%) нормалары да көпшілік тарапынан кеңінен құпталған.
Зерттеу Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 18 жастан асқан 8000 респондент арасында жүргізілді. Сауалнама нәтижесінің қателігі ±1,19% шамасында.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Сайыров құжаттың тілге қатысты тармағындағы «тең» мен «қатар» деген сөздің аражігін ажыратып берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







