Бүгін «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-да конституциялық реформаны талқылауға арналған семинар-кеңес өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында сарапшылар білім беру саласының жаңа Конституциядағы орны мен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жаңа Конституция жобасында білім беру құндылықтарының алғаш рет тікелей Негізгі Заңның кіріспесіне енгізілуі маңызды жаңалық ретінде аталды. «Талдау» орталығының басшылығы бұл қадамды ұлттық дамудың негізгі құралы ретінде білім беруді танудың дәлелі деп бағалады.
«Білім берудің құндылық ретінде Конституцияда айқындалуы – үлкен жаңалық. Бұл біздің Орталық жұмысына да тың серпін береді. Ендігі жерде білім сапасының нақты көрсеткіштерін анықтауға басымдық берілмек», – деді «Талдау» ҰЗББО басшылығы.
Сонымен қатар, адами капиталды дамыту мәселесі стратегиялық басымдық ретінде талқыланды. Орталық мамандары білім берудің тұлға бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты рөліне тоқталды.
Қазақстан тарихында алғаш рет зияткерлік меншік құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі де ерекше аталып өтті. Бұл жас ғалымдар мен зерттеушілердің құқықтық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қадам болмақ.
Жиында цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау мәселесі қызу талқыланды. Жаппай цифрландыру кезеңінде жеке өмірдің қорғалуы аса маңызды. «Талдау» орталығы миллиондаған адамның деректерімен жұмыс істейтіндіктен, дербес деректерді қорғаудың жаңа стандарттары мен киберқауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігі сөз болды.
Сонымен қатар, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту мақсатында Құрылтай институтын енгізу, Вице-президент лауазымын құру, сондай-ақ Қазақстан Халық кеңесін құру секілді өзгерістер де назардан тыс қалмады.
Кеңес қорытындысы бойынша «Талдау» орталығының ұжымы конституциялық реформаны қолдайтынын мәлімдеп, жаңа Ата заң қазақстандықтардың әлеуетін іске асыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







