Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2025 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, бюрократиядан арылту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша консультативтік-сараптамалық топ мүшелері, сондай-ақ Агенттіктің аумақтық бөлімшелері мен Мемлекеттік басқару академиясының филиалдары онлайн қатысты.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет жүйесі институционалды түрде толық жаңғыртылған жыл болғанын ерекше атап өтті. Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай әзірленген жаңа заң жобасы желтоқсан айында Мәжіліс қарауына ұсынылды. Оның басты ерекшелігі тек еңбек қатынастарын реттеумен шектелмей, мемлекеттік қызметшілердің адамға бағдарланған мінез-құлық үлгісін қалыптастыру.
Өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне төртінші рет іріктеу жүргізілді. Бұл жолы 6 бағыт бойынша 50 маман таңдалды. Жобаға деген қызығушылық артып келеді: 2019 жылы қатысушылар саны 13 мың болса, 2025 жылы 32 мыңға жеткен. Жалпы, резервке енген 450 азаматтың 337-сі бүгінде түрлі қызметтерде еңбек етіп жүр.
Өңірлік кадр резервтері де нақты нәтиже көрсетті. Резервке алынған 538 адамның 260-ы жаңа қызметке тағайындалса, оның ішінде 193 адам жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметке келді.
Бұдан бөлек, таланттарды мемлекеттік қызметке тартудың өзге де тиімді механизмдері іске қосылды. Жоғары оқу орындарын үздік бітірген (GPA 3,33-тен төмен емес) 735 түлек конкурстан тыс ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға қабылданды. Агенттік 964 жоғары лауазымға конкурссыз тағайындауды келіссе, олардың 19,5 пайызы жеке сектор мен квазимемлекеттік сектордан тартылған.

2025 жылы кадрлық іріктеу және басқару толықтай цифрлық форматқа көшті. Қазір 94 мемлекеттік орган онлайн іріктеу жүйесіне қосылды. Бір бос орынға орташа есеппен 7 үміткерден келіп, конкурстық бәсеке 3,5 есеге артты.
«E-қызмет» жүйесі халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл жүйе мемлекеттік сектордағы инновациялық тәжірибе ретінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының OPSI платформасында жарияланды. Қазір бірнеше мемлекет Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.
«Бірыңғай кадрлық жүйе» арқылы бюджеттік ұйымдарда кадрлық іс жүргізу толық автоматтандырылды. Жүйеге 2,4 мың ұйым жоспарланғанымен, іс жүзінде 2,9 мың ұйым қосылды. Осы арқылы 482 мың қызметкердің цифрлық профилі жасалды. Жүйеге проактивті бақылау енгізіліп, мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтау мүмкіндігі іске қосылды.
Контекст
Жасанды интеллектіні қолдану және мемлекеттік қызметшілердің цифрлық дағдыларын арттыру жалғасуда. Мемлекеттік басқару академиясында «Цифрлық мемлекеттік басқару» магистрлік бағдарламасы іске қосылып, «AI Qyzmet» бағдарламасы арқылы 52 мыңнан аса әкімшілік қызметкер, ал «AI Governance 500» жобасымен 100 саяси қызметкер оқытылды.
Мемлекеттік қызмет көрсетуде клиентке бағдарланған модель күшейтілді. Қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2600-ден астам азаматтың құқығы проактивті түрде қалпына келтірілді.
Қызметшілердің құқықтарын қорғау мен әдеп нормаларын сақтау ерекше бақылауға алынды. 2025 жылы 19 007 бұзушылық анықталып, профилактикалық жұмыстар шеңберінде 28 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Бюрократияны азайту мақсатында 1335 ұсыныс әзірленіп, оның 406-сы жүзеге асырылды. Бұл шаралар миллиардтаған теңге көлеміндегі тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік берді.
Алқа мәжілісінің соңында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті жаңғырту, цифрлық экожүйені дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және проактивті бақылау моделін нығайту бойынша алдағы кезеңде жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







