Думан Еркімбек режиссерлік еткен «Ғашықпын саған» фильмі осыған дейінгі махаббат туралы туындылардың шаблонын бұзып, көрермен жүрегін жаулауда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фильм желісі Алматыға оқуға келіп, бірақ қиындыққа тап болған Еңлік есімді студент қыздың тағдыры туралы. Жатақханадан қуылып, көк тиынсыз қалған қызға күтпеген жерден тәтті мақта сататын, музыкант жігіт Арман көмекке келеді. Арманның Алматыға деген шынайы сүйіспеншілігі мен Еңлікке деген іңкәрлігі көрерменді бірден баурайды.
Фильмнің көп бөлігі баяу өтіп жатқанымен, үшінші актідегі күтпеген бұрылыс көрерменнің жүрегін сыздатады.
Басты рөлдерді сомдаған Жасұлан Көпберген мен Шұғыла Ешен бұған дейін де Еркімбектің Qaitadan фильмінде ойнаған. Олардың экрандағы химиясы соншалықты әсерлі, кейіпкерлерге ғашық болмай қалу мүмкін емес.

Фильмнің жанрын романтикалық мелодрамаға жатқызғанымен, оны көрермендер әйгілі «Ла-Ла Ленд» мюзиклімен жиі салыстырады.
Алайда…
Думан Еркімбек Алматыны фильмнің үшінші бас кейіпкеріне айналдырып, картинаны анағұрлым өміршең әрі шынайы етіп жасаған. Оператор Мейірлан Әшеков қала көшелері мен үйлерін бұрын ешкім байқамаған ерекше ракурстардан түсірген.
Режиссердің қысқа уақытта екі кассалық хит түсіріп, миллиардтаған табыс жинаған алғашқы қазақстандық кинематографист атануы да көп нәрседен хабар береді.
Оның былтырғы Qaitadan фильмі апат жанрын Қазақстанда тұңғыш рет табысты еткен еді. Осылайша, Думан Еркімбек өз фильмдерімен «махаббат бар ма?» деген күмәнді сұраққа жауап беріп қана қоймай, көрермендерді романтикалық киноға қайта ғашық етті.
Жалпы алғанда, «Ғашықпын саған» жаңашылдық жағынан кем түсуі мүмкін, бірақ эмоциялық шынайылық пен көрерменнің жүрегіне жол табу жағынан қазіргі қазақ киносында теңдесі жоқ туындыға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







