Өскемен қаласындағы Орталық мәдениет үйінде «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған кездесуге Мәжіліс депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.
Жиын барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасының кәсіпкерлік үшін тұрақты құқықтық орта қалыптастыратынын атап өтті.
– Кәсіпкердің басты талабы ойын ережесінің ашық, әділ әрі тұрақты болуы. Инвестицияның қорғалуы, меншік құқығының беріктігі және әділ сот жүйесі тұрақты дамудың кепілі. Жаңа Конституция осы қағидаларды бекітіп, мемлекет басқару жүйесін ашық әрі жауапты етеді. Бұл, ең алдымен, кәсіпкерлік тәуекелдерді төмендетіп, ел экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан 15 наурыздағы референдум ел болашағын айқындайтын маңызды шешім, – деді ол.
Кәсіпкерлермен кездесуде агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің мәселелері де талқыланды. Шаруашылық басшысы Людмила Цыбенко жаңа Конституцияның жер мен су ресурстарын қорғау, жайылымдарды сақтау мен инфрақұрылымдық инвестицияларды қорғауға ықпал ететінін айтты.
– Бұған дейін біз құрғақшылықпен, бюрократиямен күресіп келдік. Енді жаңа Конституцияда жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты көрсетілген. Шаруалар үшін бұл – үлкен кепілдік. Заңдардың кері күші болмауы бізге тұрақтылық пен сенімділік береді, – деді ол.
Кездесуге қатысушылар Конституциядағы «Заң және тәртіп» қағидаты әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыратынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қатысушылар конституциялық өзгерістердің жауапкершілік, отбасы құндылықтары мен азаматтық мәдениетті нығайтуға әсер ететінін де айтты.

Жиын соңында ШҚО кәсіпкерлері мен шаруалары жаңа Конституция тұрақтылыққа кепілдік беріп, құқықтарын қорғап, өңірлердің дамуына ықпал ететінін жеткізді. Олар алдағы референдумға белсенді қатысып, жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларды қолдайтынын білдірді.
Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдумның еліміз үшін де, әрбір азаматымыз үшін де маңызы айрықша зор. Бұл турасында бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







