Журналист Нұрлан Жұмахан желі қолданушысы Жәнібек Қожықтың айтып жүрген «Мектептерде 50% ер ұстаздар болуы керек. Сонда мектепте тәрбие де, білім де болады» деген көзқарастың тарихи-ғылыми негізі жоқ екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол бұл ой қазіргі білім жүйесінің күрделі сипатын ескермей айта салған бос әңгіме деп бағалады.
– Алаш арыстары өмір сүрген кезеңде зиялы қауымның көбі ер адам болғаны рас. Ол кезде әйелдердің жаппай білім алу мүмкіндігі болған жоқ.
Әлемдік тариқа назар аударсақ, әйелдерге білім беруге алғаш рет 18-19-ғасырларда қолға алынғанын байқаймыз.
Мысалы АҚШ пен Еуропада әйелдер мұғалімдікке алғаш рет ХІХ ғасырдың аяғында тартылған. Осы үрдіс әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеруге, тең құқықты қамтамасыз етуге жол ашты. Демек, өткеннің шындығын бүгінгі күнмен қисынсыз байланыстыруға болмайды.

Жалпы ұстаздық мамандықта жыныстың емес, біліктіліктің маңызы зор. Мәселен, Финляндия, Сингапур, Жапония сияқты білім беру жүйесі ең үздік саналатын елдерде мұғалімдердің шамамен 70-80%-ы әйелдерден құрайды. OECD деректеріне сүйенсек, Финляндияда әйел мұғалімдердің үлесі 77%, ал Сингапурда 72% құрайды, – дейді жураналсит.
Өз кезегінде Нұрлан Жұмахан қоғам үшін мұғалімнің жынысы емес, оның кәсіби дайындығы, біліктілігі, этикалық қасиеттері, педагогикалық шеберлігі маңызды болу керек екенін алға тартты.
– Тағыда айта түссек, «ер адам мұғалім болса, елдің рухы көтеріліп кетеді» деп біздің көкелер айтып жүрген әңгіме қазіргі жағдаймен мүлде үйлеспейді. Қазақстанда әскери бөлімдерде немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі ер адамдар. Бірақ ол жерде орнаған тәртіпті көрмедік. Жыл сайын әскерде түрлі келеңсіз жағдайлар мен сарбаздардың өлім-жітімі орын алатыны жасырын емес, – деді.
Осылайша журналист қоғамда қандайды бір рухани дағдарысты әйелдермен байланыстыру ақылға қонымсыз екенін тілге тиек етті. Ол қоғамдағы түйінді мәселелердің түбірін саяси, экономикалық, әлеуметтік проблемалардан іздеу керектігін Жәнібек Қожықтың есіне салды.
– Елімізде соңғы кездері тіркелген жағымпаздық, коррупция, сыбайластық әрекеттердің көбі мүйізі қарағайдай ер азаматтардың жасайтынын қалайша жасырып қаламыз. Сондықтан қоғамның қисық тұстарын әйел мұғалімдерден көруге қарсымын, – деді журналист.
Айтқандай, енді қойма мен моншадан мектеп ашып, мемлекеттік бюджеттен қаржы алып отырған кәсіпкерлер қатаң бақыланатын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







