Түркістан облысында биылғы жылы 200 мың гектардан астам жайылым жер ортақ пайдаланымға берілді. Бұл туралы арнайы брифингте Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жалпы, Түркістан облысының жер қоры 11 миллион 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 4 миллион 527,3 мың гектар. Ал елді мекендердің үлесі – 807,8 мың гектар. Өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылып отырған жер – 140,4 мың гектар, ерекше қорғалатын аймақтар – 431,4 мың гектар, орман қоры – 3 миллион 29,87 мың гектар, су қоры – 134,6 мың гектар. Ал облыстағы босалқы жерлердің көлемі 2 миллион 539 мың гектарға жеткен.
– Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары екі бағытта атқарылуда. Бірінші бағыт бойынша министрлік бекіткен жоспар негізінде былтыр 129,9 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 118,1 пайызға орындалды. Ал екінші бағытқа сәйкес, облыс бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, ауыл шаруашылығы кешеніне мониторинг жүргізілді.
Аудандар мен қала әкімдіктері бойынша зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 3 960 жер пайдаланушының жалпы аумағы 372,6 мың гектарды құрайтын жайылым жеріне мал басының тіркелмегені белгілі болды. Нәтижесінде 225,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 100,5 пайызға орындалды. Биылғы жылдың өзінде 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда, – деді Ерғали Аманкелдіұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, аудан-қала әкімдіктері 1 542 жер пайдаланушының 302,4 мың гектар жер телімін тиісті мақсатқа пайдаланбағанын анықтап, оларға хабарлама жолдаған.
Сонымен қатар, өңірдегі елді мекендерді қоғамдық жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған арнайы жоспар бекітілген. Осы жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 1 миллион 176 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін осы аумақтың 950,3 мың гектары ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде берілген.
Ерғали Тілегеннің сөзіне қарағанда, былтыр аудан-қала әкімдіктері тарапынан 12 конкурс ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 129,3 мың гектар жер айналымға енгізілді. Биыл бұл көрсеткішті 146,5 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Спикер алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, оларды айналымға енгізу және жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жердің тиімді пайдаланылуына, ауыл тұрғындарының жайылымдық жерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айтқандай, Түркістан облысында алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







