15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында еліміздің белсенді азаматтары тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарын құрып, маңызды саяси шараға даярлықтарын күшейтуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы өздерінің мақсат-міндеттері туралы мәлімдеме жасады. Аталған ұйымның мүшелері, саясаттанушылар Нұрболат Нышанбай, Бекнұр Кисиков, Исламбек Дастан және Нұргелді Әбдіғани бірқатар өңірлерде тәуелсіз бақылаушыларды оқыту жұмыстарын ұйымдастырып жатқанын хабарлады.
«Біз Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Түркістан сияқты ірі қалаларда бақылаушыларды даярлап, оқытудамыз. Біздің қатарымызда тәуелсіз бақылаушылық институтын Қазақстанға алғаш әкелген саясаткер Дос Көшім, Бекнұр Кисиков секілді тәжірибелі тұлғалар бар. Тәуелсіз бақылаушы деген – қоғамның сергек саналы азаматы. Әрбір белсенді азамат бұл іске атсалысуы керек», – дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай.
Публицист, саясаттанушы Бекнұр Кисиков тәуелсіз бақылаушылардың елдегі саяси белсенділіктің артуына ықпалы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бақылаушылар бұл істі материалдық игілік үшін емес, елдегі сайлаудың ашық және әділ өтуі үшін жасап жатыр.
Журналист Исламбек Дастан Тараз қаласында бақылаушыларды даярлап жатқандарын жеткізіп, тәуелсіз бақылаушылардың сайлау нәтижелеріне үлкен әсер ететінін баса айтты.
Халықаралық сарапшы Нұргелді Әбдіғаниұлы тәуелсіз бақылаушы топтардың көбеюі қоғамда сенім мен ашықтықтың артуына септігін тигізетінін мәлімдеді.
Оның пікірінше, жастардың бақылаушылыққа белсенді араласуы елдегі саяси өзгерістердің сапасына оң ықпал етеді.
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы еліміздің түрлі өңірлерінде бақылаушылардың даярлығын жалғастырып, референдум күнінде дауыс беру процесінің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







