Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси бастаған делегацияны қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жүздесу барысында өңірдің экономикалық өсімі мен инвестициялық әлеуеті жан-жақты талқыланды. Әсіресе көлік-логистика, энергетика, инфрақұрылым және экология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың географиялық және транзиттік мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Ол Ақтау және Құрық теңіз порттарының стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, аймақтың Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі орнына ерекше мән берді. Сондай-ақ әкім осы салаларда соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін, инвесторларға заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға толық мүмкіндіктер қарастырылған. Біз Ұлыбританиямен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ұлыбританияның елшісі Салли Аксуорси де өз кезегінде өңірдің экономикалық әлеуетін жоғары бағалады. Ол әсіресе көлік-логистика, энергетика, IT, білім беру және жоғары технологиялар бағытында екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Маңғыстау облысы мен Ұлыбритания арасындағы сыртқы сауда айналымы 2,6 млн АҚШ долларын құраған. Бүгінде облыс аумағында британдық капиталдың қатысуымен экономиканың әртүрлі салаларында 40 кәсіпорын қызмет етіп отыр.
Кеше Нұрдәулет Қилыбай Беларусьтің Гродно облысы арасында өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құжатқа қол қойылғанын жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







