Президент Тоқаев Қазақстан әйелдерін 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше орнын атап өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Әйелдер қоғамның сарқылмас рухани байлығы, даналық пен қуаттың қайнар көзі. Олар тек шаңырақтың берекесі ғана емес, сонымен қатар жас буынның дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», – деді Мемлекет басшысы.
Алайда Президент өз құттықтауында тек мерекелік тілектермен шектелмей, Конституция мен саяси реформалардың маңызын тағы бір еске салды.
«Қазақстан қазір халық тағдырын айқындайтын ауқымды жаңғыру жолына түсті. Жаңа Халықтық Конституция жобасының негізінде мемлекетіміздің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары жатыр.
Конституция жобасы ана мен баланы қорғауға, отбасы және неке институтын нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ жаңа Конституция халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңға құрметпен қарау, табиғатқа жанашырлық, әділеттілік, еңбексүйгіштік және жауапты патриотизм қағидаттарын бекітуге қызмет етеді», – деді Президент.
Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел әйелдеріне зор денсаулық, бақ-береке мен табыс тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







