Алматы облысының Қарасай ауданында спорт пен өнер жұлдыздарының қатысуымен ерекше футбол матчы өтті. Жарқын шара жаңа Конституцияны қолдау мақсатында ұйымдастырылып, «Біз жаңа Конституцияны қолдаймыз» деген ұранмен өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Футбол алаңында ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген белгілі спортшылар мен эстрада жұлдыздары кездесті. Бұл қызықты бәсекені тамашалау үшін стадионға 3 мыңнан астам көрермен жиналды.
– Шараның негізгі мақсаты бәсеке емес, халыққа мерекелік көңіл күй сыйлап, азаматтарды референдумды қолдауға шақыру. Футбол да, өмір де командалық рух пен бірлікті қажет етеді. Бұл матч халқымыздың жаңа Конституцияны қолдаудағы бірлігін көрсететін маңызды оқиға, – деді өңірлік коалиция басшысы Қуат Байғожаев.

Жасыл алаңда екі команда бақ сынасты. «Қонаев» командасының құрамында Париж Олимпиадасының жүлдегері Демеу Жадыраев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, әлем чемпионатының жүлдегерлері Нұржан Жұмажан, Ербол Қоңыратов, Қорлан Жақанша, айтыскер ақын Сырым Әуесхан және «Qonaev media» телеарнасының жүргізушісі Қосқанат Көпжасар сынды танымал азаматтар өнер көрсетті.
Оларға қарсы ойнаған «Алатау» командасында эстрада әншісі Жұбаныш Жексен, «SuperStar KZ» жобасының жеңімпазы Нұржан Керменбаев, танымал актер Тәуекел Мүсілім, белгілі блогер Азат Жұмаділ секілді өнер жұлдыздары алаңға шықты.

Ойын тартысты әрі көңілді өтті. Әр гол мен әдемі шабуылдар жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп, стадион ерекше эмоцияға толды.
– Футбол бала кезімнен бері ерекше жақсы көретін спорт түрі. Қазір де тұрақты ойнап тұрамын. Мұндай шаралар тек салауатты өмір салтын емес, азаматтық белсенділіктің маңыздылығын да көрсетеді, – деді актер Тәуекел Мүсілім.
Матч нәтижесі бойынша «Қонаев» командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын соңында стадионда концерт ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй одан әрі жалғасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







