Үкімет Ресей мен Беларусьтен келетін көліктердің утиль алымын еселеп өсірмек. Егер ұсынылған өзгеріс күшіне енсе, Қазақстанда сатылатын Lada маркалы көліктің бағасы бірнеше есеге қымбаттап, тіпті саудадан толық шығуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрліктің бастамасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда балансын реттеуге бағытталған. Әсіресе, Ресей мен Беларусь үшін қолданылатын коэффициент күрт артпақ. Қазір Қазақстанға Ресейден келген жеңіл көліктің утильалымы 757 мың теңгені құраса, жаңа ереже күшіне енген жағдайда, салық сомасы 29 млн 410 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Өзгеріс әсіресе қозғалтқыш көлемі 1-2 литр болатын автокөліктерге ауыр тиеді. Осы санаттағы Lada Granta, Vesta, Largus сияқты модельдерге қосымша 4,6 млн рубль (шамамен 29,4 млн теңге) көлемінде алым төленуі тиіс.
Нәтижесінде Lada маркасының бағасы қазақстандық нарықта 5-6 млн рубльге (32-38 млн теңге) дейін жетіп, бәсекеге қабілетсіз болып қалуы ықтимал.
Еліміздің авто нарығында ресейлік өнімнің жағдайы онсыз да мәз емес. 2025 жылы елде 2800 дана Lada сатылған. Ал биыл қаңтарда небәрі 184 көлік өтіп, марка нарықтағы үлесі бойынша 11-ші орында тұр.
Осы тұста…
Ресейлік АвтоВАЗ компаниясы жағдайды жіті бақылап отырғанын жеткізіпті. Ресей Ұлттық автомобиль одағының вице-президенті Антон Шапарин біздің елдің бастамасын «АвтоВАЗ-ға тікелей соққы» деп атаған екен.
Ресейдің өзі ішіндегі басқа да сарапшылар осы пікірді құптап, ресейлік автоөндірістің Қазақстан нарығынан ығыстырылуы мүмкін екенін айтып жатыр.
Ұсынылған жаңа коэффициенттерді енгізу туралы қоғамдық талқылау 3 ақпанда аяқталған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі түпкілікті шешім қабылдауға дайындалып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







