Депутат Ерлан Сайыров елімізде қолға алынған конституциялық реформаның басты мақсаты қазіргі алмағайып кезеңде Қазақстанның саяси жүйесін орнықтыру екенін атап өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, конституциялық реформаның өзегі жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстандағы саяси жүйенің беріктігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жобада ұлттық рухани құндылықтарға ерекше назар аударылған. Конституцияның кіріспесінде «мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ жеріне» деген арнайы анықтама енгізіліп, еліміздің байырғы мемлекеттік дәстүрлері мен Алтын Ордадан жалғасқан саяси-мәдени мұрасы атап көрсетілген.
«Жаңа Конституцияның басты принципі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтап қалу. Бұл құжат қазіргі күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, ертеңгі ұрпаққа сенімді мемлекет қалдыруға бағытталған», – деді Ерлан Сайыров.
Сонымен бірге, жаңа жобада отбасылық құндылықтарды қолдауға арналған нақты нормалар қамтылған. Мысалы, неке ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде анықталып, бұл ұстанымдардың бәрі қазақ халқының рухани болмысын қорғауға негізделгені айтылды.
12 адамның қолынан шыққан құжат
Ерлан Сайыров 1995 жылғы Конституцияның небәрі 12 адамның қолынан шыққанын еске салып, қазіргі жобаны әзірлеуге еліміздің әр түкпірінен 130-дан астам конституциялық құқық мамандары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың қатысқанын жеткізді. Ал конституциялық комиссияға азаматтардан 12 мыңнан астам ұсыныс түскен. Осылайша, бұл құжаттың шын мәніндегі халықтық Конституция аталуына толық негіз бар.
Конституция жобасында азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Құжаттағы 30-бап тұтасымен осы мәселеге арналған. Азаматтардың цифрлық деректері заңды түрде қорғалатыны және олардың жеке меншігіне қол сұғылмау керектігі нақты бекітілген.
«Азаматтардың әлеуметтік құқықтары да назардан тыс қалмаған. Мысалы, орта білім тегін әрі міндетті, ал жоғары білімге қол жеткізу конкурстық негізде жүзеге асады. Денсаулық сақтау саласында мемлекет азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдігін сақтап қалады», – деді депутат.
Құжаттағы ең маңызды нормалардың бірі егер мемлекет азаматқа заңсыз зиян келтіргені сотта дәлелденсе, оған моральдық және материалдық өтемақы төлеу міндеті енгізіледі. Сайыров мұны мемлекет пен адам арасындағы қарым-қатынастың әділеттілігін нығайтатын елеулі өзгеріс деп санайды.
Депутат сөзін АҚШ конституциясының негізін қалаушылардың бірі Томас Джефферсонның «Конституция әрбір ұрпақтың өз заманына сай құжаты болуы тиіс» деген сөзімен түйіндеді. Қазақстанның жаңа Конституциясы саяси жаңғырудың бастауы және еліміздің алдағы дамуындағы сапалы белес болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







