Ақсу ауданына қарасты Матай ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені есігін айқара ашты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауыл халқының рухани және спорттық өмірін жаңа деңгейге көтеруге арналған нысанның ашылу салтанатына Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев, ауданның құрметті ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңадан бой көтерген мәдениет үйінің жалпы сыйымдылығы 180 адамға арналған. Заманауи сахна, көрермен залы, түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер, шағын мәжіліс залы, әкімшілік және қосымша шаруашылық бөлмелері талапқа сай жабдықталған.
Қазірдің өзінде бұл жерде «Әжелер ансамблі», «Көркемсөз оқу» және би үйірмелері жұмысын бастап кеткен. Аталған үйірмелерде бүгінде 30-ға жуық ауыл тұрғыны, соның ішінде жастар мен жасөспірімдер де белсенді айналысуда.
Мәдениет үйімен қатар салынған заманауи спорт залы ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізері анық. Жалпы аумағы 668 шаршы метрді құрайтын спорт залда волейбол, баскетбол, мини-футбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Одан бөлек, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген тренажер залы да тұрғындардың игілігіне беріліп отыр.
Бұл жаңа кешенді пайдалануға беру арқылы ауыл тұрғындары үшін 7 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, спортпен шұғылданып денсаулықтарын нығайтуына тамаша мүмкіндік туды.
Жиналған ауыл тұрғындары мен ардагерлер жаңа нысанның ауылдың қоғамдық, рухани және спорттық өмірінде ерекше орын алатынына сенім білдірді. Олар мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдау үшін алғыстарын білдіріп, ауыл жастарының шығармашылық және спорттық жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Еске сала кетсек, дәл осындай заманауи мәдениет үйі мен спорт кешені бұған дейін Ақсу ауданының Н. Есеболатов ауылында ашылған болатын. Осылайша ауданда халықтың рухани және спорттық әлеуетін көтеруге бағытталған игі шаралар одан әрі жалғасын табуда.
Күні кеше ғана Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай өңірдегі нәзік жандылармен салтанатты кездесу өткізіп, арнайы құттықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







