Иранда соңғы күндері АҚШ пен Израиль мүддесіне тыңшылық жасады деген айыппен 30 адам қамауға алынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
IRNA дерегінше ұсталғандар арасында «сепаратистік террористік топтың мүшесі» мен Парсы шығанағындағы екі елдің мүддесіне тыңшылық жасаған шетелдік азамат бар.
Иранның қауіпсіздік қызметі Күрдістан провинциясындағы арнайы операция кезінде «сепаратистік террористік топ мүшесін» тұтқындап, қолындағы байланыс құралдары мен әскери жабдықтарды тәркілеген. Ресми дерек бойынша, қару-жарақ АҚШ пен Израильдің ел тұтастығына қарсы әрекеттерін қолдауға арналған. Операция барысында күдіктінің бір сыбайласы қаза тапқан.
Сонымен қатар, Разави Хорасан провинциясында АҚШ пен Израильдің тапсырмасымен Парсы шығанағындағы екі елге ақпарат берді деген күдікпен бір шетелдік азамат ұсталды.
Көпшілік күдіктілер АҚШ пен Израиль үшін тікелей ақпарат жинаған немесе олардың мүддесін қорғайтын медиа-науқан жүргізді деп айыпталып отыр.
The New Region-ның хабарлауынша, Иран үкіметі маусым айында Израильмен болған 12 күндік қақтығыс кезінде халықты шабуыл мен зымыран соққылары туралы бейнематериалдарды интернетке жарияламауға шақырған. Сол кезде де Иран билігі тыңшылық бойынша көптеген азаматтарды ұстап, бірнеше адамды өлім жазасына кескен еді.
«Иранда ел ішіндегі толқулар мен соғыс жағдайында тыңшылық туралы айыптау әдетке айналған. Бұған дейін 2022 жылғы «Әйел, Өмір, Еркіндік» наразылықтары мен биыл қаңтарда бүкіл елді қамтыған жаппай қарсылық акциясынан кейін де билік осы айыптарды қолданып, жүздеген адамды қамауға алған болатын», дейді осы тұста The New Region.
Иранда не болып жатыр? Бұған дейн біз президент Трамп Иранға қарсы әскери соққыны соңғы сәтке дейін құпия ұстап келгенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







