Алматы қаласындағы тарихи «Радио үйі» ғимаратында ұлттық руханиятымыздың алтын бесігіне айналған «Шалқар» радиосының толықтай жаңартылған заманауи студиясы салтанатты түрде ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа студияға қазақ радиосының негізін қалаушылардың бірі, радио ардагері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімі берілді.
Бұл ерекше шараға радио саласының танымал ардагерлері, қазіргі қызметкерлері, журналистер, БАҚ өкілдері және мәдениет қайраткерлері қатысты. Тұсаукесер рәсімінде Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Алтын Иманбаева сөз алып, жаңа студияның ашылуы тарихи мәнге ие екенін атап өтті. Олар өз сөздерінде қазақ радиосының қалыптасу тарихындағы Мина Сейітованың өлшеусіз үлесі мен оның радио өнеріне қосқан зор еңбегін ерекше тебіреніспен еске алды.
«Шалқар» радиосының жаңғыртылған студиясы радионың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылып отыр. Студияның мақсаты радио журналистикасының майталманы Мина Сейітованың жарқын есімін ұлықтау. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа студияда эфирден оннан астам тікелей бағдарлама таратылады. Студияның интерьерінде Алматы мен Астана қалаларының көрікті жерлері бейнеленген ерекше дизайн жасалған. Сонымен қатар, студияның көрнекті жеріне Мина Сейітованың портреті ілінді.
Мина Сейітова 1919 жылы 20 тамызда Қостанай облысы Қарабалық ауданының №9 ауылында дүниеге келген. 1934 жылы небәрі 15 жасында Қазақ радиосына диктор болып қабылданып, өмірін радио саласына арнады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаңалықтар мен ресми хабарларды қазақ тыңдармандарына алғаш жеткізген дауыстардың бірі еді. Ол 44 жыл бойы микрофон алдында табанды еңбек етіп, радиодикторлықтың қыр-сырын терең меңгерген ұлы тұлға ретінде танылды.

Радиода қызмет еткен жылдары Мина Сейітова қазақ радиожурналистикасының көрнекті тұлғалары Әнуарбек Байжанбаев, Ермек Серкебаев, Зәмзагүл Шәріпова, Бибігүл Төлегенова, ақын Мұқағали Мақатаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова сияқты бірқатар танымал тұлғаларға тәлім-тәрбие берді. Ол өзінің ұзақ жылғы еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Радиожурналистиканың майталманы 1978 жылы құрметті демалысқа шығып, 1987 жылы дүниеден өтті. Бүгінгі ашылған жаңа студия – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі әрі радио тарихындағы ұлы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдырудың игілікті бастамасы болып отыр. Бұл студия қазақ радиосының болашағы мен өткенін жалғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен насихаттауға қызмет етеді деген сенімдеміз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







