Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ еңбек адамдарына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚР Президентінің Жарлығымен берілген жоғары марапаттар адал еңбек пен кәсіби біліктілігі үшін тапсырылды.
Салтанатты шарада Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасының аға мейірбикесі Дарғұлова Камилла ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Ал Ақтаудағы Әшімбаев атындағы №11 лицей мұғалімі Ұлхия Максимова, Маңғыстау орталық аудандық ауруханасының дәрігері Сәулет Төлемісова және Ақтау электр желілері басқармасының өндірістік үй-жайларды жинаушысы Маржан Чуренова «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай еңбек адамдарына ризашылығын білдіріп, марапат иелерінің ел игілігі жолындағы қызметін ерекше атап өтті.
– Мемлекеттің дамуына шынайы үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі әрқашан бағалануы тиіс. Кәсіби шеберліктеріңіз бен адалдығыңыз өңіріміздің өсіп-өркендеуіне нақты ықпал етуде. Осы жоғары наградаларыңыз құтты болсын, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін өңірдің бірнеше азаматтары Астана қаласында мемлекеттік наградаларды иеленген болатын. Атап айтсақ, Ақтаудағы Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі Рухия Батыршева «Парасат» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Пәния Сармурзина, «Өзенмұнайгаз» АҚ №4 мұнай және газ өндіру басқармасының машинисі Айсұлу Шуақбаева және Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің басшысы Зәрипа Шолтанова «Құрмет» орденіне ие болған еді.
Бүгін Маңғыстау облысында тұратын 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Салазкин аймақ тұрғындарына арнап үндеу жолдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







