Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесіп, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту мәселесін талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында тараптар шағын және орта бизнесті қолдау тетіктеріне, жергілікті кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға және өзара іс-қимылды күшейтуге назар аударды. Әңгіме тек қазіргі ахуал төңірегінде өрбіген жоқ. Жетісу облысының алдағы экономикалық бағыты, өндірістік әлеуеті және жаңа инвестициялық алаңдардың мүмкіндігі де сөз болды.
Бейбіт Исабаев өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды күшейтіп, бизнеске ыңғайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, облыста ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қатар дамып келеді.
Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 65 пайызы өңірдің өз ішінде қайта өңделеді. Туризм де негізгі бағыттың біріне айналып отыр. Облыс әкімі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау барлық салада тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өңір басшысы ірі инвестициялық жобаларға да арнайы тоқталды. Атап айтқанда, металлургиялық комбинат салу, Қазақстан-Қытай халықаралық өндірістік қаласын құру, жүк және жолаушыларға арналған әуежай құрылысы секілді жобалар Жетісудың өндірістік және логистикалық салмағын арттыра түсетін бастамалар ретінде айтылды.
Сонымен қатар өнеркәсіп секторын кеңейту мәселесі көтеріліп, осы кездесу шағын және орта бизнестің тынысын ашуға қосымша серпін беретініне сенім білдірілді.
Қанат Шарлапаев өз кезегінде өңірдегі іскерлік ахуалға оң баға берді. Оның айтуынша, ішкі іскерлік климат рейтингі бойынша Жетісу облысы республикада шағын және орта бизнес сегментінде алтыншы орында тұр. Инвестиция тарту көрсеткіші де жаман емес. Мұндай нәтижеге облыстың географиялық орналасуы да әсер етіп отыр. Яғни өңірдің көлік-логистикалық және нарықтық тұрғыдан ыңғайлы орны бизнес үшін маңызды артықшылық саналады.
Контекст
Сонымен бірге ол алдағы уақытта елдің барлық өңірін қамтитын шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылатынын жеткізді. Аталған жоба кәсіпкерлік саласына жаңа қолдау құралдарын ұсынуға бағытталмақ.
Кездесу соңында тараптар жергілікті бизнесті қолдаудың өзекті мәселелерін тағы бір пысықтап, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
Қазір Жетісу облысында 62 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Осы салада шамамен 110 мың адам еңбек етеді. Соңғы үш жылда өңірге 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Мұндай көрсеткіш Жетісуда кәсіпкерлік енді қосымша сала емес, аймақ экономикасын алға сүйрейтін негізгі тіректің біріне айналып келе жатқанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







