Ақтөбеде математика пәнінің мұғалімі оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіріп беремін деп, ата-анадан алған ақшаны құмар ойынға жұмсағаны үшін сотталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс материалына қарағанда, Шыңғысхан Пайзов жекеменшік оқу орталығында жұмыс істеп, балаларды Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсу емтиханына дайындаған. Сол жерде екі оқушының анасына белгілі бір ақыға олардың ұлдарын беделді мектепке кіргізіп бере алатынын айтқан. Ата-аналар мұғалім сөзіне сеніп, қомақты қаржыны сеніп тапсырады.
Жәбірленушінің бірі оған 1,5 миллион теңге берген. Екіншісі 1 миллион 700 мың теңге табыстаған. Алайда мұғалім уәдесін орындай алмапты. Тергеу барысында оның оқуға қабылдау процесіне ықпал ететін ешқандай нақты мүмкіндігі болмағаны анықталды. Яғни, ата-аналарға айтылған сөз басынан-ақ жалған уәде болған.
Балаларының оқуға түспегенін көрген аналар алданғанын түсініп, полицияға жүгінген. Осыдан кейін іс қылмыстық арнаға өтті.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде айыпталушының жұбайы да жауап берген. Оның айтуынша, 2026 жылдың басында күйеуінің алаяқтық схемаға барғанын білген. Әйелдің сөзінше, ер адам құмар ойынға әуестеніп, өзгенің ақшасын сол жаққа шығындағаны белгііл болды.
Сот отырысында Шыңғысхан Пайзов кінәсін толық мойындаған. Үкім шыққанға дейін жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеп берді.
Сот оны алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол мерзімді түрмеде емес, бостандықта өтейді, бірақ заңда белгіленген шектеулерге бағынады. Оған қоса қосымша жаза ретінде үш жыл бойы жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбек тартылады.
Оқиға бір адамның қателігімен ғана шектелмейді. Қоғамда беделді мектепке түсуді айналып өтетін «жол» бар деген түсінік әлі де кездеседі. Осындайда ата-ана баласының болашағына алаңдап, ресми жүйеден тыс ұсынысқа сеніп қалуы мүмкін. Алаяқтар дәл осы әлсіз тұсты пайдаланады.
Назарбаев зияткерлік мектептері секілді мамандандырылған оқу орындарына қабылдау тек ресми емтихан мен конкурстық іріктеу арқылы жүргізіледі. Ақшаға «кепілдікпен түсіремін» деген уәде – күмән тудыратын белгі. Мұндай ұсыныс естілсе, ата-ана ең алдымен ресми дерекке жүгінгені жөн.
Ақтөбедегі осы іс тағы бір шындықты көрсетті. Білім саласында жүрген адамның атына қарап сену жеткіліксіз. Мұғалім деген мәртебе адалдықтың автоматты кепілі болмайды. Сондықтан баланың болашағына қатысты әр қадамда эмоцияға емес, тәртіп пен ресми рәсімге сүйену маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







