Қазақстанда арзан өмір іздеген адам ең әуелі пәтер жалдау ақысына қарайды. Бірақ шынайы есеп жалдау бағасымен бітпейді. Бір қалада үй арзан, бірақ жалақы төмен, енді бірінде табыс жоғары, алайда пәтер ақысы айлықтың жартысын жұтып қояды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ең тиімді қала дегеніміз ең арзан пәтері бар өңір емес. Табыстан кейін қолда қалатын ақша, күнделікті азық-түлік, коммуналдық төлем, жолақы және жұмыс табу мүмкіндігі қатар есептелуі керек. Осы өлшеммен қарағанда, Қазақстандағы өмір сүру құны бірден бірнеше топқа бөлінеді.
Ең қымбат нарық Алматы мен Астанада қалып отыр. Krisha.kz дерегіне қарағанда, Алматыда пәтер жалдау бағасы 1 шаршы метрге орта есеппен 5692 теңге, Астанада 5000 теңге шамасында. Бір бөлмелі пәтер екі қалада да шамамен 200 мың теңгеге жетеді. Екі бөлмелі пәтерді жалдау отбасы бюджетіне одан да ауыр соғады.
Алматының басты қиындығы шығынның барлық бағытта жоғары болуы. Пәтер жалдау қымбат, күнкөріс минимумы ел бойынша ең биік деңгейде, қоғамдық көлік жолақысы да жоғары қатарда. Қала табыс табуға мүмкіндік береді, бірақ жалғыз тұрып, пәтер жалдайтын адам үшін ақша жинау барған сайын қиындап барады.
Астанада да жалдау ақысы арзан емес. Бірақ орташа жалақы Алматыдан жоғары. Ұлттық статистика бюросының кейінгі дерегінде елордадағы орташа айлық табыс 659 мың теңгеден асқан.
Алматыда 601 мың теңге шамасында. Сол себепті Астана қымбат қала болғанымен, табыс пен шығын арақатынасы жағынан Алматыдан сәл жеңіл көрінеді.
Ең арзан пәтер қайда?
Арзан пәтер іздеген адамға Тараз, Түркістан, Қызылорда бағыты бірден көзге түседі. Таразда бір бөлмелі пәтер 80 мың теңге, Түркістанда 90 мың теңге, Қызылордада 100 мың теңге шамасында. Алматы мен Астанамен салыстырғанда айырма екі есеге жуық.
Бірақ арзан пәтердің артында мынадай сұрақ тұрады: сол қалада қанша табыс табуға болады? Жамбыл облысында орташа жалақы 335 мың теңге шамасында. Шымкентте 364 мың теңге. Қызылорда облысында 376 мың теңгеден асады. Демек жалдау арзан болғанымен, жергілікті табыс деңгейі де шектеулі.
Шымкент өз алдына бөлек тұр. Қалада жолақы арзан, пәтер ақысы Алматы мен Астанадан төмен, ауа райы коммуналдық шығынды жеңілдетеді. Бірақ орташа жалақы ірі мегаполистерден айтарлықтай төмен. Үйі бар адам үшін Шымкент қолайлы қалаға айналуы мүмкін. Ал пәтер жалдап, жергілікті жалақыға өмір сүретін адамға үнем онша сезілмеуі ықтимал.
Ең қызық баланс Қызылорда, Ақтөбе және Павлодарда байқалады. Қызылордада жалдау ақысы төмен, күнделікті шығын Алматыдан жеңіл, жолақы да ауыр емес. Ақтөбеде орташа жалақы республикалық деңгейге жақын, ал пәтер нарығы Алматы мен Астанадағыдай қымбат емес. Павлодарда орташа жалақы 450 мың теңгеден асады, бір бөлмелі пәтер 130 мың теңге шамасында. Мұндай арақатынас жалдамалы пәтерде тұратын адамға көбірек тыныс береді.
Азық-түлік пен коммуналдық төлем де шешуші рөл ойнайды
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде баға бір жылда 11 пайызға өскен. Ең жоғары күнкөріс минимумы Алматыда тіркелген. Астана мен Шымкент те арзан қалалар қатарына кірмейді. Коммуналдық төлемде Алматы мен Астана тағы да жоғарғы қатарда, ал Тараз, Түркістан, Шымкент секілді қалаларда кей қызмет түрі едәуір жеңіл түседі.
Жолақы бойынша Шымкент, Ақтау, Түркістан арзан бағытта тұр. Алматыда қоғамдық көлік 120 теңге, Астанада 110 теңге болса, Шымкентте 70 теңге. Бір қарағанда ұсақ айырма секілді. Бірақ күн сайын қатынайтын адам үшін ай соңында нақты үнемге айналады.
Қысқа есеп мынадай: тек арзан пәтер керек болса, Тараз, Түркістан, Қызылорда алдыңғы қатарда. Жалақы мен шығынды қатар есептесек, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар тиімдірек көрінеді. Алматы мен Астана табыс табуға мүмкіндік береді, бірақ жалдау ақысы мен күнделікті шығын жинақ жасауға қатты кедергі. Шымкент үйі бар адамға жайлы, жалдамалы пәтермен отырған адамға табыс деңгейі шектеу қояды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







